Қазақстанда шенеуніктер отбасына шетелден есепшот ашуға тыйым салынады
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2 қыркүйек күнгі үкімет отырысында шенеуніктердің отбасы мүшелеріне шетелден есепшот ашуға тыйым салынады деп мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz centralasian.org-ке сілтеме жасап.
"Көлеңкелі экономикамен күрес және заңнаманы жетілдіру, оның ішінде офшорлық юрисдикцияларға ақша аудару бойынша ережелерді жетілдіру жоспары жанданады" деді Жамаубаев.
Ол министрлік FATF тобының (Ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы – The Financial Action Task Force) төмендегідей бөліктері бойынша талаптарын орындауға күш салады деді:
– жоғары лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік секторда істейтін шенеуніктер мен олардың отбасына шетелде есепшот ашуға немесе жүргізуге тыйым салу;
– салық органдарына кәсіпкерлерден соңғы бенефициар жайлы мәлімет ала алатындай құқық беру;
Оның сөзіне қарағанда Экономикалық әріптестік және даму ұйымына мүше елдердің салық органдарымен ақпарат алмасу бағдарламасы аясында азаматтардың есепшоттары туралы мәліметтерді тексеру жоспарланып отыр.
Екі күн бұрын халыққа жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен күрес мақсатында 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар мен судьялардың шетел банктеріне ақша салуына шектеу қою қажеттігін айтқан болатын.
Билік парақорлықпен күресу мақсатында көптеген бағдарлама ұсынса да, Қазақстан әлемдік жемқорлық индексінде "парақорлық жайлаған елдердің" қатарында тұр. Жемқорлықпен күрес агенттігі билік тармақтарында жұмыс істейтін шенеуніктердің жемқорлықпен ұсталғанын жиі хабарлайды. Үкіметте жұмыс істеген ондаған шенеунік пара алды деп айыпталып, жазаланған.
Жергілікті іскерлік басылымдардың мәліметінше, Қазақстанда соңғы бес жылда көлеңкелі экономика көрсеткіші жалпы ішкі өнімнің шамамен 28 пайызын құраған. 1991-2015 жыл аралығында шамамен 38 пайыз болған.