Зум дегенің сұм болып шықты! Видеосабақта оқушылар ұятсыз нәрсе көріп жүр
Қазақстанда онлайн-сабақ бастала салысымен, ата-аналар тарапынан шағым будақ-будақ түсе бастады. Бұл жолы желіде ата-аналар видеосабақтағы ұятсыздықтарды талқылауда, деп хабарлайды zakon.kz.
Танымал Zoom платформасында сабақ кезінде желіге бейтаныс адамдар қосылған. Олар жәй отырмай, платформадағылардың барлығын мазақ еткен.
Мысалы, Жанна Нұрмағамбетова Фейсбукте Zoom видеосабағы кезінде 5-сынып оқушыларына порно қосылып кеткені туралы жазба жариялады. Сондай-ақ, эфир кезінде балағат сөздер айтып, ән шырқаған ер адамдардың да дауысы пайда болған.
Нұрмағамбетованың айтуынша, ұятсыз жағдай №22 мектептің 5-сыныбы (орысша тобы) математика пәнін өтіп жатқанда болған.
Ол сондай-ақ "Сливы уроков Zoom чат" деп аталатын телеграмм чатты экраннан суретке түсіріп, оны да желіге жүктеді. Онда қолданушылар сабақ конференцияларының кодтарын бір-біріне беріп, содан кейін өздерінің әрекеттеріне мақтанып, оны өзара боқтық тілмен талқылайды.
Бұл жазбаға пікір қалдырғандар арасынан тек Жанна Нұрмағамбетова ғана емес, басқа да адамдар осындай масқараға тап болғаны анықталды. Мәселен, бір сабақта Zoom-ды әлдекімдер бұзып кіріп, аузына келгенін айтқан, соның салдарынан мұғалім де, оқушылар да балағат сөздер естуге мәжбүр болған.
"Бүгін біреу менің балама қосылып кеткен, айқайлаған, музыканы бар дауысына қойған, бұл Зум емес, басқа бағдарлама", - деп жазды тағы бір ата-ана.
Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғаридің назарынан бұл жазба тыс қалмаған. Ол да жазба астына көзқарасын білдірген.
- Сондықтан Білім және ғылым министрлігі авторизациясыз кіруге болмайтын отандық платформаларды ұсынып жатыр ғой, - деп жазды ол.
Содан кейін ол мұндай жағдайлар қайталанбас үшін не істеу керектігін түсіндіретін нұсқаулықтың сілтемесін орналастырды.
Тақырыпқа орай: Нұр-Сұлтандағы шенділер онлайн-сабақтағы порноға қатысты түсінік берді