Қазақстанда 12,2 млн тонна астық жиналды
ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте республика алқаптарындағы егін жинау науқанының барысы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды zakon.kz.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 10,5 млн га дәнді және бұршақты дақылдар немесе олардың жалпы жинау алаңының 66% жиналды. Ағымдағы орташа өнімділік гектарына 11,7 ц құрап, 12,2 млн тонна астық бастырылды.
Спикер атап өткендей, былтырғы көрсеткіш осы уақытта екі есе аз болған, нақты айтсақ – 5,3 млн га (35%) және 5,8 млн тонна жиналған.
Биыл егін жинаудың жоғары қарқыны негізінен егіс және агротехникалық іс-шаралардың уақытылы жүргізілуіне, ауыл шаруашылығы техникасының, жанар-жағармайдың сапалы дайындығына, сондай-ақ салыстырмалы түрде қолайлы ауа райы жағдайларына байланысты.
"Ағымдағы маусым ерекше болды: егін егу төтенше жағдай режимінің қатаң жағдайларында өтті, ал жаз құрғақ болды. Дегенмен, егіс оңтайлы мерзімде өтті. Фермерлер уақытылы қаржымен, жеңілдетілген отынмен, қосалқы бөлшектермен, сапалы егіс материалдарымен, арзандатылған тыңайтқыштармен және өсімдіктерді қорғау құралдарымен қамтамасыз етілді", - деп атап өтті А.Сапаров.
Сонымен қатар, ол егін жинау жұмыстары уақтылы басталғанын айтты.
"Бүгінде біздің алдымызда ең басты міндет - өсірілген егінді шығынсыз жинау", - деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі.
Қазгидромет болжамы бойынша, қыркүйек айында негізгі астық егетін өңірлерде жаңбыр мол жауады. Егінді сақтау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі сақтау объектілерін дайындауды, фермерлерді арзандатылған отынмен және қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету мәселелерін қатаң бақылауда ұстайды.
Жұмыс тоқтаусыз жүру үшін сервистік компаниялармен "көшпелі сервисті" күшейту және қоймаларды қажетті бөлшектермен толтыру бойынша алдын ала келіссөздер жүргізілді.
Аграрилерге егін жинау жұмыстарына арналған 395 мың арзандатылған жанар-жағармайдың 175 мың тоннасы жөнелтілді.
Нақтыланған мәліметтер бойынша, республикада астықты сақтаудың жалпы сыйымдылығы болжамды өнім үшін жеткілікті және 28 млн тоннадан асады (астық қабылдау кәсіпорындарында 12,1 млн тонна, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде – 15,7 млн тонна).
Соңғы мәліметтер бойынша республиканың лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына 1,3 млн тонна астық, оның ішінде 921 мың тонна бидай түсті. Бұл барлық бастырылған астық көлемінің 11 пайызы.
"Астық қабылдау кәсіпорындарына негізінен ылғалдылығы жоғары, арамшөбі бар кептіру мен өңдеуді қажет ететін астық тасымалданады. Сондықтан, элеваторларға жиналған астықтың аз ғана бөлігі келіп түскенін ескере отырып, биылғы егіннің сапасына баға беру әлі ерте", - деді АШМ өкілі.
Сондай-ақ, ол астық өндірісінің биылғы болжамды көлемі 18 млн тонна екенін атап өтті. Аталмыш астық елдің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт үшін белгілі бір көлемді жоспарлауға мүмкіндік беретінін айтты.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2020/2021 маркетингтік жылы астық пен ұнның экспорттық әлеуеті шамамен 7,5-8 млн тоннаны құрайды. Сонымен қатар, Айдарбек Сапаровтың айтуынша, ҚР АШМ-нің астықты сатып алуға ұсынатын бағасы фермерлерге табыстылықты қамтамасыз ету үшін жеткілікті болады және бұл ретте ұн мен нан бағасының жасанды түрде көтерілуіне себеп болмайды.