Бекеттен айналып қашатын КамАЗ-дар Нұрлы ауылын шаңға көмуде
Елорда іргесіндегі Нұрлы ауылының халқы ақ шаңға көміліп отыр. Бұған себеп – лек-легімен ауыл жанындағы жолмен өтетін жүк көліктері. Тұрғындар темір тұлпарлар елдімекен іргесімен бекер жүрмейді дейді. Мақсаттары астанаға кіре берістегі үлкен трассаның бойында орналасқан көліктік бақылау бекетін айналып өту көрінеді. Камаздардың полициядан айласын асырамыз деп ауыл тұрғындарына кесірлерін тигізіп жатқанына 4-5 жылдай болыпты, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Нұрлы ауылы – Нұр-Сұлтаннан қозы көш жерде тұр. Мұндағы тұрғындардың бәрі бас шаһардан алыс кетпей-ақ жер үйде арқаны кеңге салып жатамыз дегендер. Алайда түні бойы елді мекен маңынан толассыз өтетін жүк көліктерінің шаңы мен шуы жұртты әбден мезі қылып, әуре-сарсаңға салған.
– Ана жақтан бүкіл шаңды әкеп, біздің жолға машиналарынан шаң түсіреді. Кәдімгі лай түскендей шаң түседі. Сол шаңмен біз өтеміз, дем аламыз. Шыны керек мен машинамды жудыруға апармаймын. Жуғанның пайдасы жоқ. Қалаға шығып жуасың, үйге кірсең қайта кір болады. Сол шаң бізге зиян болып жүр, – дейді Нұрлы ауылының тұрғыны Ғабит Рахимберлин.
Әлібек Досжанов, Нұрлы ауылының тұрғыны:
– Тұру мүлдем мүмкін емес. Өзім көшіп кеткім келеді. Көшіп келгеніме 2 жыл болды. Қаладан келгем. Таза ауада, кең жерде тұрайын деп. Қаладан 10 шақырым жерде тұрамыз. Ары барса 12 шақырым. Ауылға кіретін жолымыз 3 шақырым. Тас жол. Оны өзіміз жөндеп аламыз. Бірақ, мына қосылып жатқан жол шаңды одан да бетер көтеріп жатыр. Әне келе жатыр Камаздар.
Сонадайдан шаң көтеріп жүк көліктері келе жатқан. Алайда жиылған нөпірді көрді де кілт тоқтап, кері бұрылды. Себебі, жүргізушілер мен ауыл тұрғындары арасында кикілжің жиі болып тұрады екен.
Амалдары таусылған ауыл тұрғындары жүк көліктерінің жолын бөгеу мақсатында осыдан 3 күн бұрын шаң жолдың бойына терең ор да қаздырыпты. Алайда Камаз жүргізушілеріне бұл тосқауыл да кедергі бола қоймаған сияқты.
Тақтайдай тегіс жолды тек жүрген көлік айналып өтсін бе? Көліктік бақылау бекетінің қызметкерлері айналма жолмен жүгінің құжаты жоқтар немесе артық жүк тиегендер жүреді дейді. Ал олардың ізіне түсіп, арттарынан қуу көліктік полиция инспекторларының құзыретіне кірмейді екен.
Аслан Көпбаев, ҚР ИИДМ Көлік комитеті ситуациялық орталығының бас маманы:
– Көліктік бақылау инспекциясының қызметі автомобиль жолдарының сапасын бақылау. Негізінен жергілікті және республикалық жолдарға бақылау жүргіземіз. Ал тұрғындар шағым айтып жатқан жол ауыл жанындағы далалық жолға жатады. Оған біздің тарапымыздан бақылау жүргізілмейді.
Жүк көліктерінің бекетті айналып трассаға қайта шығатынын көліктік бақылау инспекторлары білмей отырған жоқ. Ондай жүргізушілерді арнайы рейд барысында ұстап, жауапқа да тартыпты. Алайда оны ұйымдастыру үшін құрамында жол-патрульдік полициясының өкілдері бар арнай мобильді топ құрылуы керек. Оның үстіне рейд айына бір рет қана болады екен. Ал шаң жұтқан Нұрлы ауылының тұрғындары мәселенің біржақты болып, толық шешілгенін қалайды.