16 жыл құлдықта: Интернат директоры жетім қызды жұмысқа жегіп келген
16 жыл еңбек құлдығында болдым деген 34 жастағы әйел әділдік іздейді. Бота Алматы облысының Жаркент қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленіпті. Өзінің айтуынша, оған қаршадай кезінде "ақыл есі кем" деген жалған диагноз қойылыпты. Сөйтіп, сол кездегі интернат директоры түрлі қара жұмыстарға жеккен көрінеді. Әркімнің босағасын жағалап жүргенде зейнетақысын рұқсатсыз жаратып кеткендер де болыпты, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
"Жетім көрсең жебей жүр" деген тәмсілден тәлім алған ұлт емес пе едік?! Бірақ, Ботаның көз жасына себепкер өзге емес, өзіміздің қаракөз қазақ екен. Өзі солай дейді. Әңгімесіне құлақ түрсек, 16 жылы құлдықтың құрсауында өтіпті. "Жетім деп жасымды сүрткен жан болмады, керісінше бәрі басынды, еңбегімді қанады, одан қалды тонады" дейді.
– Алғашқыда Үштөбе қаласындағы балалар үйінде тұрдым. Психология-медицина-педагогикалық консультация кезінде менен "Ұшақ пен тікұшақтың айырмашалығы қандай?" деп сұрады. Ол кезде 4-ші сыныпта оқимын. Жауабын білсем де, ұялып, айтқым келмеді. Осыны пайдаланып, "ақыл-есі кем" деген анықтама қағазы берілді, – дейді Бота Сүлейменова.
Осы сынды тексерістер алдында балалар үйіндегі тәрбиешілер "өзіңді жынды етіп көрсетсең, зейнетақың көп болады" деп үгіттеген көрінеді. "Ал, керісінше сау адам екеніңді дәлелдеуге тырыссаң, сөзіңді кес-кестеп есі ауысқан етіп көрсетуден де тайынбады" дейді Бота.
Бота Сүлейменова, қала тұрғыны:
"Мүгедектер мен қарттар үйіне жаңа басшы келген сайын басқа адамдардың қамқорында жүргендердің барлығы қайтадан мекемеге жиналатын. Мені де қайтарып алды. Бірақ, бұрынғы үйде ары қарай тұра бергім келетінін айтсам да, жаңа басшы рұқсат бермей қойды. Қарсылық көрсеткен мені директор тор бөлмеге қамап ұстады. Ол қараңғы бөлмеде өткізген 6 ай мен үшін ең қорқынышты уақыт болды. Түрмеден кем емес".
Ботаның сөзінше, Мүгедектер үйінің директоры жетімдерді өзінің жекебас мүддесіне пайдаланған. Одан қалды тамыр-таныстарына жегіп берген. Бала бағудан бастап, көмір тасып, от жағып, қара жұмыстың қайбір түрін талғамай істей беріпті. Бірақ, еңбегі бағаланбаған. Мазақ қылғандай 200 теңге ұсынатын деп ашына еске алды. Ал, соңғы қамқоршысы тіпті шотындағы зейнетақысын оңды-солды жұмсапты. Бұл туралы бізге "Қорғау" қоғамдық қорының құқық қорғаушысы Әлия Әбденова айтып берді.
Әлия Әбденова, "Қорғау HR" қоғамдық қорының құқық қорғаушысы:
"Ботаның ісі бойынша алда сот ісі жүреді. Бұрынғы қамқоршысы Ләззат Ботаға ай сайын 50 мың теңге төледім деп отыр. Құқық қорғаушылар ол ақпараттың рас-өтірігін анықтап жатыр. Жалған болған жағдайда 3 жылдағы жалақысын және осы уақыт бойы жұмсаған 600 мыңға жуық зейнетақы мөлшерін талап етпекпіз. Ләззат Ботаның зейнетақысына қымбат іш киімдер алып, көлігіне жанармай құйып тұрған".
Ботаның қилы тағдырында Жаркенттегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қазіргі директорының да есімі де қоса аталады. Оқиғаның ақ-қарасын ажырату үшін ол кісінің өзіне хабарластық. Оның сөзінше, Бота өз асыраушысынан ақша талап етуге құқылы емес екен.
Амантай Раев, Жаркенттегі "Мейірім" арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы" КММ директоры:
"Сол үйдің мүшесі, сол үйдің тіршілігіне бірге араласады. Жұмыс істейді. Бірақ, енді тиын-тебенін оның ешқашан таршылық көрмеген. Мен енді ақымақ емеспін ғой. Мен одан ақша алып, келісіп, ол мүмкін емес нәрсе ғой. Бұл қызға көмектескім келді. Басқа менде 320 адам бар. Анаған-мынаған таратпаймын ғой адамдарды. Ондай құқық та жоқ. Мына қызға адам болады деп мен сендім".
Мәселенің жай-жапсарын Алматы аудандық полициясы анықтауда. Заңгер Әлия Әбденова проблеманың тамыры бұдан да тереңде жатыр дейді. Психдиагноз қою арқылы сол мекеме директоры жетім баланың атынан толықтай шешім қабылдай алатын болады. Зейнетақысын жұмсап, құқын бұзып, көрінген адамға құл ретінде беріп, қара жұмысқа да салады. Өкінішке қарай, мұндай жағдай бізде көп кездеседі екен. Ол енді басқа тақырып.