Атырауда Жеңіс саябағы бәс-саудаға тігілді
Осы жылдың жазында Атырау әкімдігі Жеңіс саябағын сенімгерлік басқаруға беру үшін оны электрондық сауда-саттыққа шығарды, бірақ әзірге бұл ұсыныс ешкімді қызықтыра қоймаған, деп хабарлайды "Ақ Жайық" басылымы.
Конкурсқа қатысушылар үшін басты шарттардың бірі – объектіні мақсатты пайдалануы керек: қала тұрғындарына еркін кіріп-шығуына жағдай жасалып, кіру ақысы алынбауы тиіс. Сонымен қатар, басқарушы саябақта сауда дүңгіршектері мен дүкен, ақылы дәретхана орнату арқылы табыс табуына болады.
- Сенімгерлік басқарушы өз тарапынан саябақты таза ұстап, ағаш пен көгалды үнемі суарып отырып, сондай-ақ мұнда соңғы уақытта көбейіп кеткен жабайы сауданың жолын кесуі тиіс, - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
- Неге әкімдік басқарушыны әлі таппады?
- Қатысушылардың болмауына байланысты жарияланған конкурс өткізілмеген деп танылды. Сонымен қатар, әлеуетті қатысушылар ұсынылған шарттарды тым қатал деп санайды. Бірақ әкімдік оларды жеңілдетуді көздеп отырған жоқ.
Еске сала кетсек, Жеңіс саябағында біздің тарихи естелік ретінде қойылған өте маңызды бірнеше нысан бар. Олар Мәңгілік алау; Ұлы Отан соғысынан оралмай қалған жауынгер жерлестеріміздің есімі жазылған естелік тақтасы; Ауғанстанда және тәжік-ауған шекарасында қаза тапқандарға арналған ескерткіш; саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориал. Сонымен қатар, ол жерде негізінен Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери техниканың үлгілері қойылған.