Роман Скляр келіп-кеткеннен кейін Шымкентте шу шықты
Шымкенттік шенеуніктер ипподромның орнына көп қабатты тұрғын үйлер салуды жоспарлап отыр. Алайда тұрғындар бұған қарсы. Әлеуметтік желілерде сыни пікірлерді жаудыртқандар, билікке петиция жолдамақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Ипподром айналысындағы дау Шымкентке Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр келіп кеткеннен кейін басталды. Сол кезде қала әкімі Мұрат Әйтенов спорттық нысанның орнына тұрғын үйлер салынатынын, ал ипподромның қала шетіне шығарылатынын мәлімдеп еді", - дейді телеарна тілшісі.
Тұрғындардың жаппай наразылығынан кейін орынбасарын бас қылып сала басшылары мен депутаттарды мән жайды түсіндіруге жіберді. Олар болса, қала әкімі ол кезде нақты қабылданған шешім емес, жоспар туралы айтқан еді деп ақталды. Ал негізінде, бұл қоғам талқысына түсіп, көпшіліктен қолдау тапса ғана болады екен.
"Мынау ұсыныс болғаннан кейін, оның есебі шығарылады. Сонан кейін сол ұсыныс бойынша нақты егжей-тегжейлі жоба жасалғаннан кейін оның есебіменен халықтың алдына шығарамыз. "Мынандай есеп болды, мынандай үй салынады екен. Мынандай тиімді, мынандай тиімсіз" деген. Сол жерде болады-болмайды, соны қарауға болады", – деді қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Архабаев.
Ал халық қалаулылары ипподром тым ескі болғандықтан, спортшылардың жаттығуына қолайсыз екенін алға тартады. Жаңа жерге көшірсе, барлық жағдайы жасалып қалады деп үміттенеді екен.
"Үлкен тоғыз жолдың торабында. 47 га сол жерден бөлінген. Біз сол жерде болса қуанып едік. Егер сол жерде ипподром соғып беретін болса, ол жерде үлкен бәйгелі жарыстар болатын", – деді Ғани Ахметбаев қалалық мәслихат депутаты, ипподром директоры
Айта кетерлігі, билік өкілдері ипподром орнына үй салу, я салмау мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау болады деп сендірді. Бірақ қашан болатынын нақты айта алмады.