"Болашақ" бағдарламасына іріктеу Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу үлгісімен өтуде
Биылдан бастап "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындаудың конкурстық рәсімдері толығымен автоматтандырылып, бірыңғай онлайн-платформада өтіп жатыр. Үлгі ретінде Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу жүйесі алынды, деп хабарлайды zakon.kz ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Біріншіден, құжат қабылдау толық автоматтандырылған және тек egov.kz порталында жүзеге асырылады.
Екіншіден, үміткердің өтетін барлық іріктеу кезеңі цифрландырылған. Үміткерге жеке кабинетінде бірегей код беріледі. Өтініш берушінің жеке деректері бірегей сәйкестендіру жүйесі арқылы кодталады.
Үшіншіден, іріктеудің І кезеңі – кешенді тестілеу мазмұны сапалық тұрғыдан өзгертілді. 2020 жылдан бастап үміткерлердің өздігінен өтініш беруіне қойылатын негізгі талаптарды ескере отырып, пәндік білімді тексеру қажеттілігі жойылды. Онлайн форматта өтетін тестілеу енді вербалдық, сандық және дағдылық-тұлғалық сұрақтардан тұрады. Сондай-ақ сұрақтар үміткердің қысқа мерзімде жаңа ақпаратты өңдей алу, талдау, тұлғалық қабілетін анықтауға бағытталған.
Төртіншіден, онлайн платформада қолданылатын прокторинг жүйесі үміткерлердің жұмыс парағын қалдырып, келесі параққа өтуіне немесе тестілеу уақытында жаңа терезені ашуына мүмкіндік бермейді. Мұндай жағдайда жүйе оны бұғаттап, тестілеу нәтижелері жойылады.
ІІ кезең – Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен дербес сұхбат та онлайн өтіп жатыр. Сұхбат барысында сарапшылар сұрақтарын үміткерге жеке кодымен идентификациялау арқылы ғана қойып (аты-жөнін көрмейді), нақты критерийлер бойынша бірден бағалайды. Сарапшылардың бағасын жүйеде ғана көруге болады. Әрбір сарапшы өзінің үміткерге қойған жеке бағасын ғана көре алады.
Конкурстық іріктеудің барлық кезеңі бейне және аудио жазбаға алынатынын атап өту маңызды.
Демек, онлайн формат пен автоматтандыру жүйесі "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеудің сапасын арттырып қана қоймай, бүкіл іріктеу жүйесін ашық, қолжетімді, ыңғайлы әрі мобильді ете алады.
Конкурстық іріктеудің екі кезеңінің қорытындысы бойынша "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау туралы соңғы шешімді Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия қабылдайды.