Қызылорда облысында ветеринариялық эпизоотиялық жағдай тұрақты деп бағаланды
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова орынбасары Бақыт Жаханов пен облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетовтың есебін тыңдады, деп хабарлайды zakon.kz.
Сала жауаптылары қазіргі таңда облыстағы ветеринариялық эпизоотиялық іс-шаралардың атқарылуы туралы баяндады. Сондай-ақ облыс көлемінде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында ауру ошақтарын болдырмау, алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға республикалық бюджет есебінен қаралған 5544,3 мың доза ветеринариялық препараттардың 5524,6 мың дозасы немесе 99,6% уақытылы жеткізілгендігі туралы айтып өтті.
Өңір басшысы мал ауруларының алдын алуға қажетті қаражат бөлінгенін айтып, екпелерді, емдеу шараларын уақытылы жүргізуді тапсырды. Құс ауруын алдын алу үшін мониторинг жүргізіп, тиісті шараларды қабылдау қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ветеринариялық станциялардың сын көтермейтінін ескертіп, заманауи талапқа сай етіп жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, ветеринар мамандарының жалақы мәселесін шешіп, тұрақты мамандармен қамтамасыз ету керек екенін атап өтті.
Бүгінге дейін 57,2 мың бас мүйізі ірі қара, 245,3 мың бас уақ мал, 16,5 мың бас жылқы, 8,1 мың бас түйе, 962 бас шошқа бірдейлендіріліп, дерекқор жүйесіне енгізілді. Облыс бойынша дерекқор жүйесінде 356,1 мың бас мүйізі ірі қара, 809,3 мың бас уақ мал, 155,2 мың бас жылқы, 54,2 мың бас түйе, 2,0 мың бас шошқа тіркелген.
Басқарма тарапынан типтік жобадағы мал қорымдарын салдыру мақсатында тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда. Бүгінге 83 типтік жобадағы мал қорымдары пайдалануда. 2020 жылы 7 типтік жобадағы мал қорымы салынатын болады. Оның ішінде Арал ауданында-5, Жалағаш ауданында - 2.
Қазіргі таңда күзгі мал қораларының механикалық тазалану және ауыл шаруашылығы жануарларын залаласыздандыру жұмыстары жүргізілуде.
Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, өңірімізде аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмей эпизоотиялық тұрақтылық сақталып отыр.