Қазақстандағы 18,7 млн тұтынушы күн сайын 6 млн тауар мен қызмет сатып алады
Бүгінде Қазақстандағы тұтынушылардың саны 18,7 миллион адамды құрайды, олар күн сайын 6 миллионнан аса тауарлар мен қызметтерді сатып алу транзакцияларын жүзеге асырады, деді бүгін Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, деп хабарлайды zakon.kz.
Биыл қазақстандық тұтынушылар бөлшек сауда желісі арқылы 6,8 трлн теңгеге тауар сатып алып, 4 трлн теңгеге қызметтерді қабылдады. Олардың ішінде сауданың негізгі үлесі тамақ өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тұрмыстық заттарға, жылжымалы және жылжымайтын мүлік операцияларына, демалыс қызметтеріне тиесілі.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың мемлекеттік жүйесіне 19 орталық және 17 жергілікті атқарушы органдар кіреді. Тізілімге сәйкес, жеке тұлғаларға мемлекеттік органдар білім беру, денсаулық сақтау, ветеринария, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, байланыс және т.б. салалардағы квазимемлекеттік сектор субъектілерімен бірге барлығы 574 қызметті көрсетеді. Бұл ретте, жүйенің бірде-бір қатысушысы тұтынушының мүддесіне толық көңіл аудармайды. Сондықтан, тұтынушылар құқығын қорғау деңгейінің төмендігі, бұрмаланған статистика және "қайталанатын қателермен жұмыс істеуге" деген қызығушылықтың жоқтығы байқалады, – деді ол.
Статистика тұтынушылардың қанағаттанбауы үнемі жоғары деңгейде қалып отырғанын көрсетеді. Тұтынушыларды мазалайтын сұрақтар жалпы жылдан-жылға қайталанып отырады, әсіресе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, бөлшек сауда, медициналық қызмет және көлік салаларында.
2017 жылы мемлекеттік органдарға 23 мың, 2018 жылы 21 мыңнан астам, ал 2019 жылы 30 мыңға жуық өтініштер келіп түскен. Биыл тек Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне 8 мыңға жуық азамат шағымданды, ал мемлекеттік органдар бойынша толық статистика жыл соңында жасалады. Бүгінде өтініштерді жинақтау мен талдау "қолмен басқару" режимінде жүргізілетінін және мемлекеттік органдардың жұмысын бағалайтын, сондай-ақ толық көріністі қалыптастыратын автоматизация мен жеткілікті мағлұматтың жоқтығын атап өткім келеді. Аталған бірқатар мәселелер ағымдағы жылдың шілдесінде "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңына енгізілген түзетулер арқылы шешілетін болады. Заңды әзірлеу барысында Министрлік алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені зерттеді. Тұжырымдамалық негізге Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ОЭСР) елдері тиімді пайдаланатын тұтынушылардың құқықтарын қорғау институтының аралас моделі алынды, деді ол.
Оның сөзінше, Германия, Австрия, Жапония және Литвада мемлекет "ақылды" басқаруды жүргізеді, ал бұзылған құқықтарды қалпына келтірумен сотқа дейінгі реттеу институттары айналысады. Сондай-ақ, Германия Ресей және Литвада Ведомствоаралық кеңестер қызмет атқарады, онда тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың мәселелері талқыланады.
Шағымдарды қарастырудың үш сатылы жүйесі енгізілді. Бірінші деңгейде сатушы тұтынушының талабын "қазір және осында" қағидаты бойынша жеке өзі қарауға міндетті. Сондай-ақ, өзара келісім бойынша екі жаққа дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілеріне жүгіну мүмкіндігі берілген. Тұтынушыға екінші деңгейді өту міндетті талап емес, шағымды уәкілетті органға жіберу қажеттілігі туралы шешімді оның өзі қабылдайды. Соңғы деңгейде – тұтынушының сотқа жүгінуі көзделген. Біздің ортақ міндетіміз – сатушы мен қызмет көрсетушінің дауларды болдырмауға, ал олар туындаған кезде бірінші деңгейде шешілуіне жағдай жасау. Сот жүйесі осы бағыттағы проблемаларға тұтынушылық көзқараспен қарап, дауларды тез арада шешуге мүдделі болуы керек. Сонымен бірге, Заң нормалары азаматтардың тұтынушылық құқықтарының бұзылмауына қоғамдық бақылауды күшейтеді, деді ол.
Қазір елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 65 қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Министрлік үкіметтік емес ұйымдармен оларды ірілендіру және салалық негізде нығайту принципі бойынша жұмыс істемек. Бұл қоғамдық секторға салалық мемлекеттік органдармен толыққанды ынтымақтастық орнатуға, жалпы, халықтың мәдениетін және тұтынатын тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Заңда тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Ведомствоаралық кеңесті құру көзделген. Оның отырыстарында мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижелері талқыланып, кемшіліктер анықталып, тиісті шешімдер қабылданады, деді ол.