Депутат Асылбек Смағұловтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды
Мәжіліс депутаты Асылбек Смағұловтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлайды zakon.kz.
Мәселе Мәжілістің жалпы отырысында қаралып, депутаттардың дауыс беру арқылы бұл ұсыныс қолдау тапты.
Естеріңізге сала кетейік, 16 қыркүйекте ол Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болып сайланған еді.
Смағұлов Асылбек Айжарықұлы 1970 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Нұра совхозында дүниеге келген. Заң ғылымдарының докторы, профессор.
Еңбек жолын 1987 жылы жұмысшы болып бастады. 1988-1990 жылдар аралығында КСРО Қарулы күштері қатарында азаматтық борышын өтеген. Құқық қорғау органдарындағы қызметін 1991 жылы Ақтөбе қаласы ҚІІБ жанындағы ПБҚ ЖБ милиционері лауазымынан бастаған.
1991 - 1992 жж. – КСРО ІІМ Свердлов жоғары мектебінің тыңдаушысы;
1992 - 1995 жж – ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің тыңдаушысы, аталған мектепті үздік бітірді.
1995-2000 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің оқытушысы, адъюнкты, аға оқытушысы болған.
2000-2012 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Қаржы полициясының академиясында қылмыстық құқық және криминология кафедрасының доценті, бастығы, Академия бастығының ғылыми-зерттеу жұмысы жөніндегі орынбасары, Академия бастығының оқу-әдістемелік жұмысын ұйымдастыру жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.
2012 - 2016 жылдар аралығында "Қазақстан Республикасының Заңнама институты" ММ директоры қызметін атқарған.
2016 жылғы 24 наурыз айынан бастап "Нұр Отан" партиясынан VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып келді.