"Еңбек" аясында құрылған тұрақты жұмыс орындар үлесі 16% ғана – депутат
Бүгін Мәжілісте "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру туралы" Үкімет сағаты өтті, деп хабарлайды zakon.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырысты ашқан Палата Төрағасының Орынбасары Гүлмира Исимбаева "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында жаңа жұмыс орындарын ашудың маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, қазіргі жағдайда халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысын сақтау абсолютті басымдық болуға тиіс. Ал халықты жұмыспен қамту "Еңбек" бағдарламасының негізгі мақсаты да міндеті. Осы бағдарлама Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2017 жылдан бастап іске асырылуда – деді, Г. Исимбаева.
Сондай-ақ, Вице-спикер аталған бағдарламаның орындалу бағытында депутаттар тарапынан біраз сын-ескертпелер айтылғанына назар аударып, бағдарламаға бағытталған қаражаттың жұмсалуының тиімділігі мәселесін көтерді.
Жалпы 2011 жылдан бастап жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге шамамен 1 трлн теңге бюджет қаражаты бөлінген. Бірақ жұмыссыздық айтарлықтай азайған жоқ және депутаттар осы қаражаттың тиімді жұмсалуына бірнеше рет Үкіметтің назарын аударды.
Осы Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов депутаттарға халықты кіріспен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс орындарын құру туралы баяндама жасады.
Министр атап өткендей, коронавирус пандемиясы мен жаңа экономикалық жағдайда халықты жұмыспен қамтамасыз етуге ерекше басымдық беріледі. Бұл тұста Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы айрықша мәнге ие. Оны жүзеге асыру арқылы жұмыссыз және өзін жұмыспен қамтыған халықты тұрақты жұмыспен қамтуға, жаңа жұмыс орындарын құруды қолдауға мүмкіндік туады.
"2017 жылдан бері бағдарламаға 2 миллионнан астам адам, оның ішінде биыл 430 мың адам қатысты. Бағдарламаның алғашқы бағыты бойынша 394 мың адамды үш компонент: техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, қысқамерзімді курстарда және де "Бизнес Бастау" жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту қарастырылды. Екінші бағыт шеңберінде 111 мың адамға кәсіпкерлікті дамытуға көмек көрсетілді. Үшінші бағытта субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру және халықтың еңбек ұтқырлығын арттыру арқылы 598 мың адам жұмыспен қамтылды", – деді Біржан Нұрымбетов.
Министрдің айтуынша, микрокредиттер және гранттар беру арқылы өзін жұмыспен қамтыған және жұмыссыздар қатарынан кәсіпкерлерді қалыптастыру 153 мың тұрақты жұмыс орнын құруға септігін тигізді,оның ішінде микрокредит пен грант алушылар қосымша 42 мың жұмыс орнын құрды.
46 мың қатысушы 8 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде кредит алды. Оларға жеңілдікті жағдай жасалды - жылдық 6%-бен 7 жылға дейін. Микрокредит алушылардың саны үш жылда 2,5 есеге, қосымша жұмыс орындарының саны 5 есеге өсті. Алғаш рет микрокредит алушылардың 63%-ы өз бизнестерін ашты.
Грант мөлшері 200 АЕК-ті құрайды, қазір ол 555 мың теңгеге тең. 65 мың адам грант алды, оның 56 мыңы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлей бастады әрі сақтандыру және зейнетақы жүйелеріне енді.
"Бағдарламаға қатысушылардың есебінен шағын және орта бизнес саласындағы жұмыспен қамтудың өсу үлесі 11%-ды құрайды. Экономикаға қосымша оң әсер шығарылатын өнімнің жылына шамамен 73,7 млрд теңгеге өсуімен бағаланады", - деді Біржан Нұрымбетов.
Сонымен қатар министр жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау арқылы халықтың нысаналы топтары үшін мемлекет субсидиялайтын 600 мыңға жуық уақытша жұмыс орны құрылғанын хабарлады.
Осылайша, жастар практикасы аясында білім беру ұйымдарының 115 мың түлегі жұмыспен қамтылды. Оның 54%-ы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, ал 40%-ы жоғары оқу орындарының түлектері. ЖОО мен ТжКБ-нің әрбір оныншы түлегі 69,5 мың теңге жалақы алып, осы қолдау шараларымен қамтылған. Практикадан өткен түлектердің жартысы оны өткен жерінде тұрақты жұмысқа орналасуда.
84 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасты, олар – негізінен көпбалалы аналар, мүмкіндіктері шектеулі, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдар, жетім балалар, зейнеталды жастағы адамдар. 12 айда 65,6 мың теңге орташа жалақының 35,6%-ы субсидияланады. Содан кейін 68%-ы тұрақты жұмысқа орналасады.
Үш жылдан астам уақыт ішінде қоғамдық жұмыстарға 387 мың адам жіберілді. Бұл белгілі бір себептермен өз бетінше бос жұмыс орындарына тұра алмаған азаматтар. Қоғамдық жұмыстардағы орташа жалақы 57,4 мың теңгені құрайды. Қоғамдық жұмыстарға қатысушылардың 61%-ының тек орта білімі бар, 75%-ы жұмыссыз, шалғай ауылдарда тұрады. Бұл адамдар тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін жұмыссыздар есебінен шығарылмайды.
"Жұмыс орындарын субсидиялау еңбек нарығындағы жағдайға жедел және икемді әрекет ету құралы ретінде танылды. Осы тетікті қолдана отырып жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және кәсіпкерлікке тарту арқылы жалпы 739 мың жұмыс орны құрылды, оның 153 мыңы - тұрақты және 586 мыңы - уақытша. 2017 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде тұрақты жұмыс орындарының саны 7 есеге өсті", - деп атап өтті Біржан Нұрымбетов.
"Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықты қолдау және экономиканы тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар кешенін қабылдады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан кірісті жоғалтқаны үшін бір ең төменгі жалақы мөлшеріндегі әлеуметтік төлем - 11 және 2 мамыр аралығындағы төтенше жағдай кезеңінде 4,6 миллион адамға, 5 шілде мен 17 тамыз аралығында карантинді күшейту кезінде 2,4 млн адамға тағайындалды. Шығыстардың жалпы сомасы 475 миллиардтан астам теңгені құрады. Халықтың әлеуметтік осал топтарына, оның ішінде жұмыссыздарға азық-түлік-тұрмыстық жиынтық ретінде 2 АЕК көлемінде төлем жүргізілді. Мұндай төлемді наурыз-мамыр айларында 1 миллион адам, ал шілдеде 1,1 миллион адам алды", - деді ол.
Әлеуметтік қолдау шараларымен қатар Жұмыспен қамтудың жол картасы жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге айтарлықтай үлес қосты, бұл жерде жобаларды іске асыруға 1 триллион теңге бөлінді.
– Жұмыспен қамтудың жол картасы 179 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Олардың орташа жалақысы 130 мың теңгені құрайды. Бағдарламаға қатысушылардың отбасы мүшелерін ескере отырып, 700 мыңға жуық адам кіріспен қамтамасыз етілді. Шағын және орта бизнестің 19 мың субъектісі 370 миллиард теңгеге тапсырыс алды, бұл 114 мың жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Жол картасы жобаларын іске асыру болашақта 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға негіз болады, – деді министр.
Жол картасы дағдарыс кезеңінде халықты жұмыспен қамту және табыспен қамтамасыз етуден басқа, әлеуметтік, коммуналдық және көлік инфрақұрылымының жөнделген және жаңа нысандары түрінде болашақ үшін әлеуметтік қор қалыптастыруда. Бұл 3 ауысымды және апатты мектептер, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл тұрғындарының таза ауызсуға қолжетімділігі, суармалы, жайылымдық жерлердің аумағын ұлғайту және ауылдық елдімекендерді газдандыру сияқты түйткілді мәселелердің бір бөлігін шешуге мүмкіндік береді.
Министр сөзінің соңында Covid-19 пандемиясы және карантиндік шектеу шараларын бірнеше рет енгізу ықтималдығы жағдайында Үкімет Еңбек бағдарламасын, Жұмыспен қамтудың жол картасын және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында халықты жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыс орындарын құру бойынша жедел және жүйелі шараларды қабылдауға дайын екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Бейбіт Мамраевтың айтуынша, "Еңбек" бағдарламасы аясында құрылған тұрақты жұмыс орындарының үлесі 16 процент қана. Қалғаны – уақытша жұмыс орындары.
Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш тіпті төмен. Бұл ауылдағы нарық көлемінің шектеулілігіне, өнім мен өткізудің арасындағы шешілмеген мәселелерге және еңбек дағдылары деңгейінің төмендігіне байланысты. Осы мәселеге айрықша назар аудару қажет деп санайды депутат.
Б.Мамраевтың пікірінше, 80 мыңдай жұмыс орнының әлі бос тұруының себептерін анықтап, бұл бағыттағы жұмысты жандандыра түсу керек.
– Тұрғындарды жұмыспен қамту проблемасын шешу тек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ғана міндеті емес. Қазіргі жағдайда Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңадан құрылған Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің рөлі арта түседі. Ол мемлекет қаржысы есебінен іске асырылатын барлық бағдарламада тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша стратегиялық индикаторларды айқындауға тиісті. Сонда ғана әрбір салалық бағдарламаның тұрғындардың жұмыспен қамтылуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға қосқан үлесін нақты бағалауға болады, – деді Б. Мамраев.
Осы аталған мәселелер бойынша депутаттар бірқатар сұрақтар қойып, пікірлерін білдірді.
Үкімет сағатында талқыланған мәселелер бойынша депутаттар тиісті Ұсынымдар қабылдайды.