Жоқшылықтың салдары. Шетелге жезөкше экспорттай бастаппыз
Жасыңыз 28-ден асса тек Ливанға бара аласыз. 25-тен аспасаңыз араб шейхтарының назарына ілігуге мүмкіндік бар. Әңгіме саяхаттау емес, жезөкшелік хақында. Әлем желіні ашып қалсаңыз үлде мен бүлдені уәде ететін жарнамалардан көз сүрінеді. Құныққан қаракөз қарындастарымыз жыл сайын жүздеп мыңдап жат жердегі жезөкшеліктің қармағына түсіп жатады. Бұл адам саудасының бір қыры. Биылғы пандемия, карантиндік шектеулерге қарамастан елімізде тірі тауарды саудалау тиылмақ түгілі өрши түскен, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Полиция 3 күндік шара өткізіп еді, 50 қылмыстың беті ашыла салды. Бұған із-түссіз жоғалып, іздеу жарияланған 1200 адамды қосып қойыңыз.
Халықаралық Уолк Фри ұйымы келтірген мәліметтер рас болса, ел аумағы мен шет мемлекеттерде 75 мыңнан аса отандасымыз құлдықта жүр екен. Бұл негізінен жұмысқа жегу, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу, есірткі транзиті мен контарабандаға пайдалану және балалар мен жеткіншектердің органдарын қара нарыққа сату секілді мың сан қылмыстармен байланысты. Проблеманың тағы бір парасы шетелдіктер бізге келіп құлдыққа түсіп жатыр. Соңғы уақытта халықаралық қауымдастық Қазақстанды құлиеленушілері бар елдердің қатарына қоса бастағанын да айта кету керек. Сонымен ұлы даладағы адам саудасының айшықтары, онымен күрес турасында айтайық.
Сананы тұрмыс билеген заманда, былайша айтқанда "престижный" жұмыс үшін жан пида. Тіпті пәлен жерде алтын бар десе, буынып-түйініп шекара асуға да дайынбыз. Бірақ ... іздеп барсаң бақыр да жоқ.
"Ол кісі билет алып, февральдың екісі Дубайға ұшып кеттік. Жұмыс істеуге. Барғаннан кейін ол кісі айтқандай, ештеңе болған жоқ. Өте жаман жерге алып келді. Сөздеріне, қасындағы адамдарға қарасақ, қыздарды жыныстық қатынасқа сататын жер екені көрініп тұрды".
Кейіпкеріміз айтса айтқандай, желіде мұндай сайттар самсап тұр. Жарнамасын да сықитып қойған. Бастан бақайға дейін ақша, сыйлық, қалталы клиенттер... тағысын тағы ... Біз де жеңгетайлардың біріне байланысқа шығып, алмақтың салмағын сұрадық.
Дубайдан жауап көп күттірмеді. Тал шыбықтай бұралған бойың, аққу мойын, қиғаш қас, сүмбіл шаш болуың өз алдына, интимдік қызметке де икемің болуы керек екен. Суретімді жібердім,,, Бірақ кастингтен өтпедім. Себебі араб шейхтерінің сұранысы 25 жасқа дейінгі сылқымдар.
Әсел Әлқуатова, "Арман АНК" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
"Көптеген ішкі және сыртқы мигранттар карантин кезінде тұрақты және нақты жұмысымен табысынан айырылды. Әлеуметтік желілер арқылы күдік тудыратын жұмыс туралы хабарламалар арқылы қанауға тартылды. Төтенше жағдай кезінде адам еңбегін пайдаланып, қанау бойынша бірнеше хабарлама келіп түскен".
Иә, шетелді былай қойғанда ішкі нарықта да "адам саудасы" қызып тұр. Оған жыл басынан бері босатылған 80-ге жуық құрбан дәлел.
Думан Таев, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің басшысы:
Ішкі нарықта да адам саудасына қатысты статистика жоғары. Биыл 10-12 қыркүйек арасында "Стоп трафик" жедел алдын алу іс-шарасы аясында Қазақстанның ішінде адам ұрлығы бойынша 50 факт әшкерленген. Олардың арасында жезөкшелік пен мал бақтыру, шаруашылық жұмыстарына еркінен тыс пайдалану жағдайлары көп.
Одан бөлек 1200 адам іс-түзсіз жоғалып кеткен. Оның 22-сі бала. Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен бұл бизнестің көлеңкелі тұстары көп дейді. Күресіп жатқандаймыз, бірақ нәтиже көзге көрінбейді.
Зере Утебаева, Адам құқықтары жөніндегі орталықтың басшысы:
"Өздеріңіз байқағандай ІІМ адам саудасын анықтауды күшейтіп жатыр. Бірақ бұл пост фактум. Яғни бұл алдын алу шаралары емес. Халықтың арасында түсіндіру жұмыстарымен арқылы алдын алу іс шараларын күшейту. Жұмыспен қамту бөлімінің сұр еңбек нарығын бақылау бойынша жұмысын, дағдарыс орталықтарының жұмысын көрсету деп ойлаймыз".
Құлдықтан құтқарылған Өзбекстан азаматшасы:
"Жіберіңіздер, өтініш деп жалындық. Аяқтарына жалындық. Жіберген жоқ. Ұрып-соғып, қолымызды байлап, аузымызға нәскилер тығып... Қиын болды ғой".
Қазақстан заңы ел аумағында адам саудасының құрбанына айналған шетелдіктердің басынан сипай қоймайды. Оларға ешқандай көмек те берілмейді. Яғни сұрауы жоқ болған соң жат жерде құлдықтың қамытын кию қаупі бар. Тек біздің елде тұруға құқық беретін ықтияр хатың болса ғана қамқорлыққа ілігуі мүмкін. Осы орайда АҚШ Мемлекеттік департаменті біздегі жағдайды былайша бағалапты.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің сайтынан:
"Қазақстан адам саудасын жоюдың минималды стандарттарын толығымен сақтамайды, бірақ бұның алдын алу үшін қылмыстық жазаны күшейтіп жатыр. Үкіметтік емес ұйымдар полицияның да адам саудасына қатысы бар екендігі туралы шағымдарды жариялап келеді. Полицияның немесе осы қылмысқа қатысы бар күдіктілердің, басқа да лауазымды тұлғаның үстінен жүргізгілген мемлекеттік тергеу, сот ісі аз. Осылайша, Қазақстан екінші деңгейдегі бақылау тізімінде екінші жыл қатарынан қалып тұр".
Уолк Фри халықаралық ұйымы біздің елде 75 мың азамат құлдықта өмір сүріп жатыр дейді. Мұны миф дейін десең...
Мәдина Аманбаева, 22 жыл құлдықта болған:
"С мужиками меня ложили. Избивали. Чайнимком обжигали. То палкой били. Живого места нету уже".
Нұрділда Ораз, ҚР ІІМ ресми өкілі:
"Ірі әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарындағыдай адамды саудалап, оған ақша алу, деген сияқты мәселе емес қой. Бізде көбіне көп менталитетке сай. Мәселен, ішкі нарықта шаруа қожалықтарға пайдаланады. Оның өзінде де адам саудасы ма саудасы емес пе бәрі дәлелденуі тиіс".
Не десек те, иесі бар кәдімгі басыбайлы құл. Көгала қойдай етіп сабайды, қалағанының қойынына салып беріп, табалайды.
Александр Муха, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның Маңғыстау облыстық филиалының директоры:
"Тәжірибе көрсеткендей, бүгінде 128-ші бапты ұстанудың нақты дәлелденген процесі жоқ. Көбінесе ол қылмыстық кодекстің басқа баптарына қайта жіктеледі. Сондықтан, осы жағынан да біз осы статистиканың аз пайызын көріп отырмыз".
Түптеп келгенде тақырыптың түйіні жұмыссыздыққа, күнкөріске, кедейлікке келіп тіреледі.
Нұрділда Ораз, ҚР ІІМ ресми өкілі:
"Қаражаты жоқ азаматтар ондайға барады. Өздері келісім береді".
Зере Утебаева, Адам құқықтары жөніндегі орталықтың басшысы:
"Аңғалдықпен сеніп, заңсыз еңбек жағдайына келіседі".
Нұр-Сұлтан. Әлгі ел аузында құлбазар не питак деп аталатын орын мұнда да бар. Біз келген уақыт түскі бірдің шамасы. Ал таңғы жетілерде мұнда мыңдаған жұмыссыз жортып жүред деседі.
- Айта қойыңызшы, қаншай уақыттан бері жұмыссыз жүрсіз?
- 1 жылдан асып кетті, қыстың күні вообще жұмыс болмайды. 5-4 мың теңгеге жұмысқа барамыз.
Бәрі қазақ. Бір басқа ұлттың адамы жоқ. Болса да бірең-саран. 99 пайызы қазақтар жұмыс таппай жүрген. Амалсыздықтан күнде шығып, таңертен тапқанын кешке жеп жүрген халық қой.
-3-ші группадан қанша пенсияңыз алатын?
- 36 мың.
- Бөлмеге қанша жұмсап тұрсыз?
- Бөлмеге соның бәрін берем.
- 35 бересіз бе?
- Әңгіменің ашығы, мешіттің алдында қайыр сұраған да күндерім болды.
Кейде қарап отырасың да, ойбай осындайға жетістік, мынадай жетістікке жеттік, кейде ішің удай ашынып кетесің да, мыналар қандай әлемде өмір сүріп жатыр? Сол әлемге баратын жол бар ма екен?
Нұрділда Ораз, ҚР ІІМ ресми өкілі:
"Міндетті түрде ұсынылып отырған табыстың күмәнді күмәнсіз екеніне көз жеткізу керек. Мекенжайын тексеру керек. Өзіңіздің төлқұжатыңызды біреудің қолына беруге болмайды".