Қыздары хиджап киетін ата-аналар онлайн оқуды заңға енгізуді талап етті
Елімізде мектепке орамалмен келуге тыйым салынғалы, ақтөбелік көп ата-ана балаларын Ресейдің ақылы білім ошақтарына ауыстырған, онда да сабақты үйде қашықтықтан оқиды екен. Ал бізде бұл оқу форматы карантин кезінде ғана төтенше қолға алынған, ал ресми түрде оған рұқсат жоқ, Бұл дін жолындағы балалардың ата-аналарына қиындық туғызуда, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Гүлжанар Сәбденова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Біздің онлайн-оқу жүйесін Қазақстанда заңдастырсын. Онлайн-оқу – керек. Қаншама проблема шешіледі. Егер мемлекет тарапынан рұқсат берілетін болса, баламды кез келген жерге апарып оқытамын. Орысша білмейтін балалардың өзі Ресейде қиналып оқып жатыр.
Ақтөбедегі орамалды оқушылардың ата-аналары хиджап киген қыздарын мектепке кіргізбеген соң, көрші елдің ақылы білім ошақтарына ауыстыруға мәжбүр болған. Сөйтіп жылына үш жүз мың теңгеден аса ақша төлеп, онлайн сабақ оқиды. Қазір елдегі карантинге байланысты бар бала қашықтан оқуда. Осы үрдісті заңдастырып, оқушының қалауына қалдырса деп тілейді. Бірақ онлайн оқу уақытша деп отыр білім басқармасындағылар. Сондықтан орамалды оқушылардың ата-аналарының өтінішін орындау мүмкін емес екенін айтады. Тек карантин біткенше елдегі білім ошақтарында оқи алады. Одан әрі сабағын жалғастыру, жалғастырмауы мектеп формасын сақтауына байланысты болмақ.
Гүлназ Мырзағалиева, Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Қазір "Білім туралы" заңда қашықтан оқыту туралы өзгеріс енгізілген жоқ. Коронавирус індетінде қашықтықтан оқыту – мәжбүрлі және уақытша енгізілген шара. Ал оны заңдастыру туралы әлі шешім қабылданған жоқ.