8 облыста мүгедектігі бар тұлғаларға арналған 8 жаңа оңалту орталығы салынады
Қазақстанның 8 облысында мүгедектігі бар тұлғаларға арналған оңалту орталықтарын салу жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов төрағалық еткен жергілікті атқарушы органдармен кеңес барысында белгілі болды, деп хабарлайды zakon.kz.
5 облыста мұндай орталықтар жоқ, ал 3 облыста төсек-орындар жетіспейтіндіктен, тиісті мекемелерге қосымша қажеттілік бар.
Орталықтардың құрылысы үшін қазірдің өзінде аумағы 5 гектарға жуық жер телімдері бөлінген. Әкімдіктер ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті әзірлеген үлгілік жобалық-сметалық құжаттаманы бекітуді күтуде.
Құрылыс кезеңінде мүгедектігі бар тұлғаларды оңалту қызметтерімен қамтуды қамтамасыз ету үшін, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, әкімдіктерге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс немесе мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде орталықтарды ашуға жергілікті бюджеттерден қаражат қарастыру туралы ұсыныспен хат жолдайды.
Бүгінде республикада 40 оңалту орталығы бар, оның 12-сі биыл іске қосылды. Бұл қамту ауқымын 42%-дан 50%-ға дейін ұлғайтты, 1,5 мың қосымша төсек-орын пайда болды.
Жаңа орталықтардың құрылысы стационар жағдайында оңалту қызметіне мұқтаж барлық мүгедектігі бар тұлғалардың қажеттілігін өтейді. Қазіргі уақытта оңалту орталықтары жоқ аймақтарда күндізгі емдеу бөлімінде және үйде қызмет көрсетіледі.