64 миллионға жөнделген мектептің түрі осы! Ашулы ауыл тұрғыны телеарнаға видео жолдады
Шығыс Қазақстан облысы Ойшілік ауылының тұрғындары ескі мектепті жөндеуге бөлінген 64 млн теңгенің қайда жұмсалғанын түсінбей дал. Өйткені, оқушылар сол күйі едені шұрық тесік, іші суық мектепте оқып жатыр. Жаңбыр жауса төбеден де сол күйі су ағып тұр. Енді осы олқылықтарды жөндеуге тағы 250 миллион теңге бөлуді жоспарлап қойған. Мұны естіген ауыл тұрғындар: "Қаржыны оңды-солды шашқанша, бірден жаңа мектеп тұрғызсын", деп дүрлікті, деп хабарлайды zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Сайра АЙЫПОВА, ОЙШІЛІК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Қазіргі таңда 256 млн теңге осыны жөндетуге сұратып жатыр. Оны не үшін сұратып жатыр? Ол неге бөлінеді? Алдыңғы 64 млндық жұмысы жасалынбаса, оның сапалы жұмысын көрмесек, енді 260 млнді неге бөледі? Бізге жаңа мектеп салынады деген. Енді олар бала көп, салынбайтын болды дейді.
Мән-жайды анықтау үшін аймақтағы атқамінерлерге хабарластық. Дәл қазір осы мәселе бойынша бізбен тілдесуге Тарбағатай ауданы білім беру бөлімінің басшысы Самал Дауытбаева дайын екен. Самал Нағызханқызы, қайырлы кеш! Көрерменнің шағымын естідіңіз. 64 миллион теңге жұмсалған жөндеу жұмыстары көптің көңілінен шықпаған. Бізге жіберген кадрларда да, мектепке қомақты қаржы жұмсалғаны көрінбейді. Бұған не дейсіз?
Самал ДАУЫТБАЕВА, ШҚО ТАРБАҒАТАЙ АУДАНЫ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
- 2017 жылы Тоғас батыр орта мектебіне 64 млн теңге ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаражат бөлу жұмыстары жасалды. Бұл суммаға кірген жұмыстар мектептің терезелерінің артысы айырбасталды. Мектептің есіктері толығымен айырбасталды. Жылу жүйесі жартылай айырбасталды. Жылу қазандығы және мектепке келетін жылу транстары айырбасталды.
Жақсы. Түсінікті. Тағы 250 миллион теңгеге не істемексіздер? Жалпы бұл ақшалар облыстық бюджеттің қаражаты ма? Оданда ескіні қайта-қайта жамап баққанша, бірден жаңа мектеп салса болмай ма?
Самал ДАУЫТБАЕВА, ШҚО ТАРБАҒАТАЙ АУДАНЫ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
- 250 миллион теңгеге қазіргі күні күрделі жөндеуге сметалық жасалып, облысқа өтінім беріліп қойды. Әзірге ақшасы толығымен шешілген жоқ. Күтудеміз. Бұл ақшаға мектептің жөнделмеген барлық жұмыстары қайтадан жөнделеді. Жаңа мектеп салу үшін бізге мектеп апатты жағдайда болуы керек. Бұл мектеп апатты жағдайда емес, толық күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге жататын мектеп.
Жақсы. Сұхбатыңызға рақмет! Жергілікті бюджеттің қаржысы дұрыс жұмсалады деп сенейік! Ал біз жағдайды әрі қарай да бақылауда ұстайтын боламыз.