Қырғыз билеушісі Жапаров заңды өзгертіп, президент сайлауына түспек
"Қазір президент және парламент сайлауы заңына өзгерістерді дайындап жатыр. Егер нәтижесінде заңдар өзгертілсе, президент сайлауына қатысамын. Бірақ қазір бұл туралы айту ерте. Бұл мәселе бойынша шешім қабылданған жоқ" деді Жапаров 19 қазанда "Россия-24" телеарнасына берген сұхбатында.
Қырғызстан Конституциясына сай, уақытша президент болған адам президент сайлауына қатыса алмайды. Ал елде Конституцияны өзгерту үшін халықтық референдум өтуі тиіс, деп жазады centralasian.org.
Адам ұрлады деп сотталып, кейін жақтастарының көмегімен босап шыққан экс-депутат Жапаров алдымен премьер-министр, кейін уақытша президент қызметіне тағайындалды. Ал ел президенті Сооронбай Жээнбеков елде парламент сайлауы нәтижесіне қарсы наразылықтан соң отставкаға кетті. Ал Жапаровты уақытша президенттікке Жогорку кеңеш бекіткен еді.
4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін Жогорку кеңешке өтпей қалған оппозициялық партиялар мен жұрт жаппай наразылыққа шығып, қайта сайлау өткізуді, Жээнбековтің президенттіктен кетуін талап етті. Наразы жұрт "сайлауда билікке жақын партиялар жеңді, олар әкімшілік ресурстарды пайдаланды, жұртқа ақша беріп дауыс сатып алды" деп айыптаған.
Наразылар 6 қазанға ауған түні президент пен парламент отыратын "Ақ үйді", Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратын басып алып, қамауда отырған экс-президент Алмазбек Атамбаевты, экс-премьер Сапар Исаковты, бұрынғы депутат Садыр Жапаровты босатып алған.
Жапаров 2013 жылы Құмтөр алтын кенішін мемлекет иелігіне алу талабымен Қарақол ауылында митинг ұйымдастырып, сол кездегі Ыстықкөл облысының әкімін кепілге алған деген айыппен 2017 жылы тамызда 11,5 жылға түрмеге қамалған.
Жогорку кеңеш қамаудан шыққан Жапаровты алдымен премьер-министрлікке тағайындады. Ал Жээнбеков елде жаңа парламент сайлауы өтпей президенттіктен кетпейтінін айтқан. Бірақ Жапаровтың жақтастары Жээнбековтің отставкасын талап етуді тоқтатпады.
15 қазанда Жээнбеков "тарихта өз халқына оқ атқан президент болғысы келмейтінін" айтып, президенттіктен кетті.