Атырау облысы Covid-19-ға байланысты қауіпсіздік шараларын күшейтті
Атырауға шетелден келген жолаушылардың ешқайсысынан COVID-19 анықталған жоқ, деп хабарлайды zakon.kz Атырау облыстық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Атырау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау Департаментінің мәліметінше, Атырауға 10 -19 қазан аралығында шетелден 5 әуе рейісі ұшып келген. Халықаралық әуе рейспен барлығы 523 адам келді. Олардың 64-інде COVID-19-ға ПТР-тест қорытындысы болмағандықтан карантиндік стационарларға жатқызылды.
Алайда, барлық жолаушылардан коронавирус жұқпасына сынама алынып, зерттеу нәтижелері теріс болып, ешқайсысынан қауіпті инфекция анықталмағандықтан үйлеріне жіберілді.
Өткен тәулікте Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған он адам анықталған. Қауіпті дертке шалдыққандардың біреуі Атырау қаласынан. Ал тоғыз науқас - Теңіз кенішінің жұмысшылары.
Сондай-ақ, өткен тәулікте облыс бойынша коронавирус індетінен үй жағдайында ем алып жатқан 32 адам жазылып шықты. Қазіргі уақытта 133 науқас үй жағдайында ем қабылдауда.
Облыс бойынша инфекциялық стационарда 54 адам емделіп жатыр. Оның 28-і № 2 Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, 26 науқас Теңіз кенішінің инфекциялық стационарында ем қабылдауда.