Тексеруден қатты шошитын мектеп директоры алаяққа 6 млн теңге тауып берді
Алматыда алаяқ әйелге алданған мектеп директоры әділетсіздіктің құрбаны болып отыр. Осылай деп оның адвокаты дабыл қағуда. Қорғаушының айтуынша, №17 мектеп-интернаттың директоры болған Серік Қалиевке Наркес Мамедова есімді келіншек келіп, оның үстінен әлдебіреулердің прокуратураға шағым түсіргенін айтқан. Әрі өзін прокуратура қызметкерімін деп таныстырған ол, білім ошағына тексеру келетінін ескерткен. Мәселені шешіп беремін деп алдау-арбау жолымен мектеп басшысынан 6 млн теңге ақша алыпты, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Мектепте әлгі әйелдің туыстарының баласы оқығандықтан, директор оның сөзіне сеніп қалғанға ұқсайды. Бұдан бөлек, әккі әйел №2 мектеп-интернаттың басшылығын да алдап соғып, 5 миллион теңгені қалтасына баспақ болған. Мектеп басшылары артынан алданғандарын біліп, құзырлы органдарға шағым түсіріпті. Бірақ, тергеу барысында әйел Серік Қалиевті өзінің сыбайласы ретінде көрсетіпті. Сөйтіп, ол жәбірленушіден сотталушыға айналып шыға келіпті. Тексерушілерге "ауызбастырық" беріп, ісін жасырмақ болды және алаяқтық жасады деп айыпталған ол үй қамақта отыр екен. Барлық шоттары бұғатталыпты.
Алма Мусина, Серік Қалиевтің қорғаушысы:
Мен адвокат ретінде Қалиевке қатысты қылмыстық істі қысқартуды талап етемін. Себебі, ешқандай тергеу кезінде де, сот тергеуі кезінде де, сотқа дейінгі тергеу кезінде де оның кәнәлі екені дәлелденген жоқ. Бірде-бір дәлелдеме жоқ. Сондықтан оған қатысты қылмыстық істі қысқарту керек. Ал Мамедова, екінші сотталушы өзінің мойнына алғысы келмей Қалиев ұйымдастырды деп жала жауып отыр оған.
Сот тергеуі барысында прокурорлар үш мәрте ауысып, қорғаушы ұсынған дәлелдер негізге алынбаған көрінеді. Ал жәбірленуші болып табылған екі тұлға тарапынан Қалиевке қатысты шағым болмаған. Ал Наркес Мамедова бұрын 6 жыл сегіз айға сотталып, пробациялық бақылауда болған екен. Сол кезде тағы қылмыс жасап қолға түскен оған прокурорлар 4 ай қосуды, ал Серік Қалиевті 4 жыл алты айға бас бостандығынан айыруды сұрапты.
Кенесары Бағбанұлы, қалалық прокуратураның баспасөз хатшысы:
Біз заңға сүйенсек, сот жүйесінің бірінші бабында бұл іс қылмыстық соттың тарапында қаралып жатыр. Сондықтан ешқандай комментарий, басқа заттарды айта алмаймыз. Соттың үкімі немесе қаулысын шығарғаннан кейін заңды күшіне енгенге дейін ешқандай комментерий қазір сіздерге бере алмаймыз.