Коронавирусқа байланысты елімізде жаңа шектеулер енгізілгелі жатыр
ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысы өтті, деп хабарлайды zakon.kz.
"Коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындықты қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы денсаулық сақтау министрі А. Цой, ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, ақпарат және қоғамдық даму министрі А. Балаева, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ. Өскенбаев, сондай-ақ Павлодар облысының әкімі Ә. Сқақов, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек баяндады", делінген Үкімет басшысы сайтындағы хабарламада.
Үкімет басшысы шектеу шараларының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі мониторингтік топтардың жұмыс тиімділігінің төмендігін, азаматтардың карантин режимін және бизнес субъектілерінің санитарлық талаптарды сақтауды қамтамасыз ету, байланыста болған адамдар мен науқастарды қадағалау жөніндегі жұмыстың нашарлығын атап өтті.
Премьер-министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын әуе компанияларына ПТР-тестінің нәтижесі туралы анықтамасы жоқ жолаушыларды ұшаққа отырғызуға тыйым салғызуды тапсырды. Рентген аппараттарын, жылжымалы медициналық кешендерді жеткізуді жеделдету тапсырылды.
Денсаулық сақтау министрлігіне өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына қатаң бақылауды қамтамасыз ету, бір апта мерзім ішінде жеке қорғаныш құралдарының бағасын төмендету жөнінде шаралар қабылдау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, цифрлық технологияларды пайдалана отырып, байланыста болған адамдарды, ауырғандарды қадағалау, субъектілердің санитарлық талаптарды сақтауына мониторинг жүргізу бойынша бағдарламаларды енгізу жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.
Өңірлердің әкімдеріне екі күн ішінде ұйымдастырылған ұжымдардың басшылығымен карантин режимін сақтау жөнінде арнайы кеңес өткізу, мектептер мен медицина ұйымдарында санитарлық режимді сақтау жөніндегі жұмыстың ұйымдастырылуын жеке бақылауға алу тапсырылды. Үкімет басшысы өңірлер әкімдіктеріне апта соңына дейін "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, санитарлық талаптардың сақталуы бойынша сауда-ойын сауық орталықтарының жұмысына мониторинг жүргізуді тапсырды. Бұл ретте белгіленген талаптарды бұзушыларға қатысты олардың жұмысын тоқтата тұруға дейінгі қатаң шаралар қолданылатын болады.
Отырыста жергілікті атқарушы органдар өз жұмысында ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулыларын басшылыққа алатыны атап өтілді. Бұл ретте, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты өңірлердің бас санитарлық дәрігерлері қосымша шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдай алады.
ВАК бірқатар шешім қабылдады:
I. Мектептегі оқыту бойынша
- екінші тоқсаннан бастап оқушылар саны 300 балаға дейін болатын қала және ауыл мектептерінің жұмысы дәстүрлі форматқа көшірілсін;
- ата-аналардың өтініші бойынша 1 сыныптан 5 сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етілсін. Бұл жағдайда санитарлық-дезинфекциялық режимді, маска режимін, шахмат ретімен отырғызу және әлеуметтік арақашықтықты сақтау міндетті.
II. Театрлар мен мешіттердің жұмысы бойынша биылғы жылдың 2 қарашасынан бастап рұқсат етілсін:
- 30%-ға дейін толығумен, бірақ залда 100 адамнан асырмай, театрлардың жұмыс істеуіне (әлеуметтік арақашықтықты, маска режимін, термометрияны, қатаң санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтаумен);
- жұма намазын қоспағанда, мешіттерде ұжымдық намаз (бес намаз) өткізуге, бірақ залда 100 адамнан асырмай (2 метр әлеуметтік арақашықтықты, маска режимін, термометрияны, қатаң санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтаумен).