Көлік және коммуникациялар академиясы жабылғысы келмейді
Тынышбаев атындағы Қазак көлік және коммуникациялар академиясының абдырап қалған студенттері оқу орнын жаппауды сұрауда. Өйткені 5 мыңнан астам шәкірттің басым бөлігі алыс аудан, ауылдар мен шағын стансалардан келген жастар екен. Өзге оқу орнына ауысу үшін барлығы пандемия кезінде Алматыға келіп, ауысатын оқу орнын іздеуге мәжбүр болмақ, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында оқитын 5 мыңнан астам студент білім министріне үндеу жолдап, оқу ордасын жаппауды сұрауда.
Гауһар Анар, академияның 3 курс студенті:
Құрметті министр мырза біз Каз АТК-ға түскелі барлық армандарымызды, мақсаттарымызды орындап келеміз. Менің бүткіл бауырларым, әке-шешем барлығы осы саладағы адамдар. Және мен өзімнің болашағымды осы КазАТК бітіріп, теміржол маманы ретінде өз болашағымды елестете аламын.
Ринат Қалиханов 4 курс студенті. Болашақ теміржол құрылысының маманы. Оқу орнының лицензиясы қайтарылып алынды дегенді естігеннен бері түлектерден маза кеткенін айтады. Соның салдарынан дипломдық жұмысын жазуға қолы бармай отыр екен.
Ринат Қалиханов 4 курс студенті:
Бұл жаңалықты естіген кезде менің ата-анам барлығы көрді ауылдағылардың танысым көрді, барлық таныстарым, кластастарым маған звондап, әлі күнге дейін сұрайды не болды, қай университетке ауысасыңдар қандай мамандық таңдайсыңдар, дипломды қандай университеттен алып шығасыңдар дегендей. Мен не деп жауап берерімді білмеймін шынымды айтсам.
Білім және ғылым министрлігі бірқатар сын ескуертпелер жасап, академияны бас лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдаған болатын. Ал, оқу орнының басшылығы бұл олқылықтардың барлығы қазір жойылғанын жеткізді. Академияда оқитын 5 мыңнан астам студенттің 70 пайызы мемлекеттік грант иегерлері екен.
Салтанат Әмірғалиева, академияның президент-ректоры:
Қазір егер нақты біздің профессорлық оқытушылық құрамның штаттық мөлшерін қарайтын болсақ бұл штаттық мөлшеріміз қазіргі кездің өзінде штатта 81,8% пайыз. Бұл штаттық профессорлық-оқытушылық құрам мөлшері және де ғылыми дәрежесі бар профессорлық оқытушылық құрамның пайыздық мөлшері 50 пайыздан жоғары болып тұр.
Дегенмен министрлік өкілі оқу ордасының лицензиясы қайтарылуы екіталай екенін жеткізді. Сот шешімі шығып, ол күшіне енетін болса арнайы жұмыс тобы құрылатынын айтады. Мемлекеттік грантта оқитындарға алаңдауға негіз жоқ. Ал, шалғайдағы студенттер келе алмаса онлайн өтініш беруіне болады, дейді.
Ғалымжан Жұмашев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің комитет төрағасының орынбасары:
Ертең шешім қабылданған жағдайда арнайы Нұрсұлтан қаласынан жұмыс тобы құрылып, Алматы қаласына барған кезде студенттің өзі қатысып, өтінішін білдіргені дұрыс болады деп есептеймін. Студент келмесе оның құжаттары қалып кетуі мүмкін деген әртүрлі сұрақтар көтеріліп жатыр.
Жуық арада министрлік пен оқу ордасы арасындағы дауға қатысты сот шешімі шығады. Егер академия кемшіліктердің жойылғанын дәлелдей алса жұмысын жалғасытыра алады. Ал министрлік өкілдерінің көзін жеткізе алмаса 90 жылдық тарихы бар оқу орны жабылып, жыл басында 500 оқытушы жұмыссыз, 5 мыңнан астам студент қайда ауысарын білмей сенделіп қалуы мүмкін.