Екінші рет той жасаған мейрамханалар мүлдем жабылуы мүмкін
Маңғыстау облысында 17 тамыздан бастап 24 мониторинг тобы құрылды. Нәтижесінде барлығы 645 рейд жүргізіліп, 1009 нысан тексерілді. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті, деп хабарлайды zakon.kz.
Рейд барысында 108 нысанда заң бұзушылық анықталып, 57 (12 жеке кәсіпкер, 44 жеке тұлға, 1 заңды тұлға) әкімшілік хаттама (5 млн. 972700 тг.) толтырылды.
Алдағы уақытта карантин талаптарын бұзып, бір рет айыппұл төлесе де, тағы да көпшілікті жинаған кәсіпкерлер соттың шешімімен мейрамхананы мүлде жабуы мүмкін. Ведомствоаралық комиссия отырысында карантин талаптарын бұзған тойхана, кафе иелеріне қатысты заң жобасын әзірлеу туралы бастама көтерілді. Оған себеп, кей өңірлерде отбасылық мерекелер ұйымдастырып әкімшілік шараға тартылған кәсіпкерлер тағы да карантин талаптарын сақтамай бірнеше рет той жасау деректері тіркелген.
Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, Маңғыстауда соңғы 20 күнде 27 карантин талабын бұзу дерегі анықталды.
Өткен аптада Маңғыстауда коронавирус инфекциясын жұқтырған 15, коронавирустық пневмониямен ауырып жатқан 21 науқас анықталды.
Маңғыстау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуевтың айтуынша, 2020 жылдың 27 наурызы мен 27 қазан аралығында (шағымы+шағымсыз) 3388 COVID – 19 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 1156 шағымы бар, 2232 шағымсыз науқас анықталып, аурушаңдықтың көрсеткіші 478,9 құрайды. Репродуктивті көрсеткіш 1,3. Төсек қорының көрсеткіші 30 пайыз.
Коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар - 72 науқас, емделіп шыққандар – 3280 (96,8%).
"Облыста барлығы коронавирустың шағымы бар түрін жұқтырған 1156 науқас тіркелді, оның ішінде Ақтау қаласы – 475, Жаңаөзен - 157, Түпқараған -38, Қарақия – 75, Маңғыстау – 42, Мұнайлы – 171, Бейнеу – 198. ПТР тәсілімен мемлекеттік және жеке меншік зертханаларда (барлығы - 5) 138178 (бір күнде 298 анализ) адам тексеріліп, оның 3388 оң нәтиже берді. Ұлттық сараптама орталығында бүгінгі таңда 24 мыңнан астам сынама бар", - деді Ғазиз Надуев.
Ал, 1-тамыздан бастап коронавирустық пневмониямен ауырған 230 науқас тіркелді. Соның ішінде 81-і жасы 60-тан асқан тұрғындар.
"230 науқастың ішінде 81-і 60-тан асқан адамдар. Бұл – басқа жас категориялармен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш. Оның барлығы қазіргі таңда жасырын түрде той, садақа ұйымдастырып, оған барудың салдарынан туындап отыр. Өйткені отбасылық шараларға көбіне-көп үлкен жастағы адамдар қатысады", - деді Ғ. Надуев.
Облыста мемлекеттік тапсырысты орындап отырған Ұлттық сараптама орталығының Маңғыстау облыстық филиалы және коронавирусқа зерттеу жүргізіп отырған жеке меншік зертханалар бар. Олар: "Эталон-Мед", "Invivo", "ОЛИМП", "Ча-Кур" .
6-қазаннан бастап, Өзбекістан елімен "Тажен" автомобиль өткізу пункті арқылы 3401 автокөлік және жаяу жолаушылар кірді. Оның ішінде: транзиттік автокөліктер 3130, Қазақстан Республикасына 216 автокөлік, 52 жолаушы (20 жолаушы ПТР анализсіз, ал 32 жолаушы ПТР анализімен), 4 транзиттік жолаушы өтті. Тексерілген 20 азаматтың ішінен 2 оң нәтиже анықталды. Екеуі де шағымсыз түрімен анықталуына байланысты, үй карантиніне алынды.
Ақтау халықаралық әуежайы арқылы шет елдерден 743 жолаушы ұшып келсе, оның ішінде 64 жолаушы ПТР анализі болмауына байланысты 2 күнге стационарға жатқызылып, коронавирус инфекциясына ПТР тест тапсырды. Тест қорытындысы бойынша олардың вирус жұқтырмағаны белгілі болды.