Таулы Қарабақта қарулы қақтығыстар жалғасып жатыр
Әзербайжанның бас прокуратурасы соңғы күндері шекараға жақын орналасқан қалалар мен халық қоныстанған аймақта 70-ке жуық бейбіт тұрғын қаза тауып, 300-ден астам адам жарақат алғанын жеткізді, деп хабарлайды zakon.kz Орталық Азияның жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Өз кезегінде Армения да әскери қызметкерлері мен бейбіт тұрғындардың қайтыс болғанын жариялады.
Баку Ереванды Әзербайжанның бірнеше ауданын, оның ішінде Тертер мен Барда қалаларын атқылады деп айыптады. Елдің қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әуе соққысынан 19 адам мерт болып, 60-қа тарта бейбіт тұрғын жараланған.
Ереван Таулы Қарабақ "Смерч" реактивтік жүйесімен атқылағанын, кемінде бір адам қайтыс болып, екеуі жараланғанын білдірді. Армения болса, қарулы қақтығыс басталған бір айдан бері Ереван мыңнан астам жауынгерін жоғалтты деп мәлімдеді.