Жарты жылда Қазақстанда 10 434 тонна уран өндірілді
ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Түркістан облысының Созақ ауданындағы уран өндірісімен айналысатын "КАТКО" БК" ЖШС кәсіпорнына барды, деп хабарлайды zakon.kz ҚР ЭМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"КАТКО" Қазақстан-француз бірлескен кәсіпорны" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1996 жылы құрылған. Компания №1 (Оңтүстік) учаскенің солтүстік бөлігінде уран өндіру бойынша, Түркістан облысының Созақ ауданында орналасқан Мойынқұм кен орнының №2 учаскесінде (Төртқұдық) уранды барлау және өндіру жұмыстарын жүзеге асырады.
Жерасты-ұңғымалық шаймалау (ЖҰШ) әдісімен уранды өндіру тәсілі алғаш рет 1960-шы жылдары қолданылған және 2017 жылы уран әлемдік өндірісінің 50% құрады, "КАТКО" уран өндірудің 100%-ын ЖҰШ әдісімен жүзеге асырады.
ЖҰШ әдісі дәстүрлі тәсілдермен салыстырғанда өндірудің төмен құнын қамтамасыз етеді, қоршаған ортаға теріс әсері аз және өндіріс қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы жоғары көрсеткіштерді қамтамасыз етеді.
ЖҰШ технологиясы бойынша уранды жер бетіне шығармай өндіру жүзеге асырылады. Кен орнында айдаушы ұңғымалар тұрғызылып, олар арқылы кен шоғырларына шаймалау ерітіндісі жіберіледі. Кенді қабат арқылы өтіп, ол уранның табиғи қосылысын ерітеді және содан кейін осы ураны бар ерітінді айдаушы ұңғымалар арқылы жоғарыға шығарылады.
Қазақстан Республикасының аумағында уран өндірісімен "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ айналысады. Компания еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдарымен бірге 13 уран өндіретін кәсіпорынға біріктірілген 24 кен орнын игеруде.
Министр кәсіпорынның өндірістік циклімен танысты, қызметкерлермен кездесіп, жауапты тұлғалармен уран өндіруші кәсіпорындарды одан әрі дамыту, індеттің салаға әсерін, сондай-ақ өндірістерде COVID-19 вирусының таралуын болдырмауға бағытталған профилактикалық іс-шараларды өткізу мәселесін талқылады.
2020 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда 10 434 тонна уран өндірілді, ал "КАТКО" БК" ЖШС 1 554 тонна уран өндірген.