Телефонға телмірткен бірінші тоқсан да аяқталды
ЗУМ-да зығырданы қайнап, онлайн оқудың олқылығын көрген балалар үшін бірінші тоқсан аяқталды. Жаһандық пандемияға байланысты кенеттен өзгерген білім беру тәсілі ұл-қыздардан бөлек, ата-аналарға ауыр болғаны сөзсіз. Интернет қиындығына тап болғандар теледидарға телмірді, кейбірі қырға барып, талға өрмеледі. Қашықтан оқудың қызығы мен шыжығын көз көріп, құлақ естіді. Ал мұндай білімнің ұрпақтың болашағына кері әсер етпей ме?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Әупірімдеп жүріп бірінші тоқсан да аяқталды. Оқу жылы басталғанда, блім алудың орнына оқушылар балағат сөздер тыңдап, анайы видеоларды көруге мәжбүр болғаны белгілі. Әбден мазасы қашқан ата-ана, әлгі зумның әлегімен бастарын қатырса, мұғалімдер онлайн платформалардың түр-түрін жаттап алды.
Гауһар Кәрімова, қала тұрғыны:
Балалар дұрыс білім алмайды. Үй тапсырмасы көп беріледі. Онлайн сабақ өте тиімсіз. Мектепке барғаны дұрыс деп ойлаймын.
Ал елордалық Қарлығаш Байбусинова қызын кезекші сыныпқа бергеніне өкінбейді. Айтуынша, мектеп табалдырығын жаңадан аттаған оқушы үшін мұғаліммен бетпе-бет байланыс міндетті түрде қажет.
Қарлығаш Байбусинова, қала тұрғыны:
Біз кезекші сыныпқа баруды жөн санадық. Қызыма мектепке барған қатты ұнады. Мұғаліммен бетпе-бет отырып, сабақ оқыды. Сыныптастарымен тілдесті. Менің жеке ойым қашықтан оқу жоғары сынып оқушылары үшін ғана тиімді.
Онлайн білімге қатысты халықтың да пікірі қақ жарылды. Бірі еліміз үшін алғашқы эксперимент десе, өзгесі мектептегі білімнің орны бөлек деген ойда.
Шындығын айту керек онлайн оқыту дәстүрлі оқытуға қарағанда қиындау. Енді бұл біздің еліміз үшін алғашқы эксперимент қой. Интернет қиыншылығы бар.
Елорда бойынша ата-ананың рұқсатымен 40 мыңға жуық бастауыш сынып оқушылары дәстүрлі форматта біліп алған. Ал онлайн оқығанғандар үшін түрлі танымал платформалар ұсынылды. Дегенмен, сабаққа қосылу барысында түрлі қиындықтар туындады, дейді қалалық білім басқармасының басшысы.
Шолпан Қадырова, қалалық білім басқармасының басшысы:
Бірінші тоқсанда кездескен мәселе бұл қашықтықтан оқу форматында, сабақ өткен кезде бір сыныптағы мұғалімдердің әртүрлі платформада жұмыс істеуі. Бұл оқушыларға сабаққа қосылуға қиындық туғызды. Осыған байланысты мұғалімдер үшін білім беру платформаларын тиімді пайдалану мақсатында қосымша семинарлар өткізілді.
Айта кетейік, оқу жылы басталғаннан бері еліміз бойынша оқушылар арасында коронавирустың 519 жағдайы тіркелді. Оның ішінде кезекші сыныптарда оқитын оқушылар арасында 186 жағдай, қашықтан білім алатын балалар арасында 333 жағдай анықталған.