Мамин ШҚО-дағы COVID-19 бойынша жағдайды тұрақтандыруды тапсырды
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының Ситуациялық орталығына барып, өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мәселелері жөнінде селекторлық кеңес өткізді, деп хабарлайды zakon.kz.
Эпидемиологиялық жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Өскемен қаласының әкімі Ж. Омар, Семей қаласының әкімі Е. Сәлімов, Зайсан ауданының әкімі С. Зайнулдин, Риддер қаласының әкімі Д. Горьковой, Алтай ауданының әкімі Қ. Байғонысов және денсаулық сақтау министрі А. Цой баяндады, деп хабарлайды Үкімет басшысының сайты.
Қазіргі уақытта ҚР-да коронавирус инфекциясымен ауырғандардың 50%-ы Шығыс Қазақстан облысында анықталған. Ауруды жұқтырғандар саны бойынша облыс қызыл аймақта орналасқан. Өткен аптамен салыстырғанда, өңірде сырқаттанушылық 5,4 есеге өсті, күн сайын 350-ден аса ауру тіркеліп отыр, жағдайы ауыр науқастардың саны артты.
7 күн ішіндегі R репродуктивті саны 1,25 құрайды. Инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі 23%, реанимациялық төсек-орындар жүктемесі 27,8% жетті. Ауырудың аса жоғары көрсеткіштері Өскемен және Семей қалаларында байқалып отыр.
Шығыс Қазақстан облысында 584 мобильді медициналық бригаданың жұмысын үйлестіретін Ауру ошақтарын оқшаулау орталығы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда желіде 516 бригада бар, олар 1978 инфекция ошағын және ауруды жұқтырғандармен байланыста болған 4709 адамды бақылайды. Қажет болған жағдайда қосымша 100 бригада құруға мүмкіндік бар.
Өңірде 3254 инфекциялық төсек-орынды, оның ішінде 205 реанимациялық төсек-орынды қамтыған 30 инфекциялық стационар жұмыс істейді. Қосымша 2756 инфекциялық төсек-орынды, оның ішінде 194 реанимациялық төсек-орынды қамтыған 10 резервтік стационар жасақталған.
Медициналық мекемелер 346 ӨЖЖ аппаратымен және 1142 оттегі концентраторымен қамтамасыз етілген. 21 стационарда орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз ету бар.
Тұрақтандыру қорын толықтыру үшін жергілікті бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінді, бұл медициналық мекемелерде екі айлық дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныш құралдарының қорын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Жедел медициналық жәрдем машинасы паркі 60 бірлікке толықты, жыл соңына дейін қосымша 156 машина жеткізіледі деп күтілуде.
Шығыс Қазақстан облысында COVID-19 диагностикалау бойынша 13 зертхана жұмыс істейді. 311 мың адам, оның ішінде соңғы тәулікте 4743 адам тексерілді. 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін Өскемен және Семей қалаларында, сондай-ақ Күршім және Үржар аудандарында қосымша 5 ПТР-зертхана ашу жоспарлануда. Тестілеу қуаты тәулігіне 6 мың тексеруге дейін жеткізілетін болады.
128 мониторинг тобы жұмыс істейді. 4651 нысанды қамтумен 1627 рейд жүргізілді.
Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне коронавирус инфекциясының одан әрі таралуына жол бермеу, халыққа санитарлық талаптарды түсіндіру және олардың сақталуын бақылау, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті нығайту, медициналық мекемелерді білікті кадрлармен толықтыру үшін жағдай жасау бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.