Қорғаныс министрлігі Алматыдағы жерге неге таласып отырғанын түсіндірді
Қорғаныс министрлігінің түсіндіруінше, Алматы қаласындағы 15 гектар жер телімі құқық белгілейтін құжат негізінде (1999 жылғы 29 қазандағы Алматы қаласы әкімінің № 905/189 шешімі), 2005 жылы Әкімшілік логистика орталығын салу үшін "Global Eсological Group Almaty" ЖШС-ға заңсыз берілген, деп хабарлайды zakon.kz министрліктің хабарламасына сілтеме жасап.
Ол жер Қорғаныс министрлігіне тиесілі еді.
Жерді берудегі заңсыздық 2009 жылдың 15 мамырында Алматы қаласы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының және 2020 жылдың 27 шілдесіндегі Алматы қ. Азаматтық істер жөніндегі соттың аппеляциялық сот алқасының шешімімен белгілі болды.
Қорғаныс министрлігі қолданыстағы заңнамада белгіленген өз міндеттеріне сәйкес және прокуратура органдарының талаптары бойынша сотқа шағымданды. 2009 жылдың 15 мамырында Алматы қаласы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен жерді берудегі мәліме заңсыз деп танылды. Осыған қарамастан өз ісінің заңсыз екені жөнінде хабардар бола тұра "Global Eсological Group Almaty" ЖШС-ның басшылығы құрылысты жалғастырған.
Осы кезең бойы сот дауы аяқталған жоқ.
2020 жылы Алматы қ. Азаматтық істер жөніндегі соттың аппеляциялық сот алқасы логистикалық орталықты бұзуға қаулы етіп Қорғаныс министрлігінің пайдасына шешім шығарды.
Логистикалық орталықтың құрылыстары орналасқан жер учаскесі әскери әуеайлақтың ұшу-қону жолағына тікелей жақын орналасқанын атап өту қажет. Бұл әуе кемелері мен азаматтық ғимараттарды пайдалануға қауіп төндіреді. 2019 жылдың желтоқсан айында Алматы әуежайының жанында салынған тұрғын үйге құлаған "Bek Air" әуе компаниясының ұшағының апатқа ұшырауы мысал бола алады.
Сондай-ақ осы аумақта орналасқан әуе база Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіне кіреді.
Логистикалық орталықтың қызметкерлері үшін маңыздылығын түсіне отырып, Қорғаныс министрлігі бірнеше рет өзара қолайлы шешімді іздеу бойынша келіссөздер жүргізу туралы бастама көтерді. Сонымен бірге, аталған ұйымның ресми тұлғалары қызығушылық танытпай, қорғаныс ведомствосының ұсыныстарын назарсыз қалдырды.
Қазіргі уақытта, сот бұл мәселеге нүкте қойған кезде, Қорғаныс министрлігі диалогқа және өзара қолайлы шешімге келуге дайын.