TengriBank-тен 5,4 млрд теңге ұрланған болып шықты
TengriBank-тің бұрынғы топ-менеджменті 5,4 миллиардтан астам теңгені жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды zakon.kz.
Қаржы министрлігі Қаржылық мониторингі комитеті Экономикалық тергеулер қызметінің басшылығымен ведомствоаралық тергеу-жедел тобы "TengriBank" АҚ-тың бұрынғы топ-менеджментіне қатысты жалпы сомасы 5,4 млрд теңгеден асатын банк қаражатын жымқыру фактісіне сәйкес, ҚР Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша (Басқалардың сеніп тапсырған мүлкін, әсіресе ірі көлемде иемдену немесе ысырап ету) сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Биылғы жылдың 9 қарашасында Алматы қаласының тергеу соты екі айға дейінгі мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шараларын мына кісілерге қатысты санкциялады: банк Басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Ілиясов Бахтияр; банктің Алматы қалалық филиалы директорының бұрынғы орынбасары Жадықов Әсет; банкке қарасты компанияның басшысы Назгүл Жылқыбаева (жалған құжаттарды қолданып, 3 миллион АҚШ доллары көлемінде қайтарымсыз несие алған), деп хабарлады ҚР Қаржы министрлігінің ҚМК баспасөз қызметі.
Сотқа дейінгі тергеу ісі жалғастырылуда.
Басқа ақпараттар тергеу мүдделері үшін жария етілмеді.
9 қарашада әлеуметтік желіде "TengriBank" АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Бақтияр Ілиясов пен "TengriBank" АҚ Алматы филиалы директорының бұрынғы орынбасары Әсет Жадықовтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. 10 қарашада бұл ақпаратты Қаржы министрлігі растады. Естеріңізге сала кетейік, TengriBank банктік лицензиясынан 2020 жылдың қыркүйегінде айырылған болатын.