Күршім ауданында агроөнеркәсіп кешені дамып келеді
Күршім ауданында экономиканы дамытудағы басым бағыт – ауыл шаруашылығы саласына ерекше мән берілуде. Ондағы мақсат – асыл тұқымды мал басын көбейтіп, еңбек өнімділігін арттырып, мал шаруашылығын дамыту арқылы жұмыс орындарының санын арттыру, деп хабарлайды zakon.kz.
Биылғы жылы 589,7 млн теңгеге ірі-қара мал сатып алынды. Оның ішінде 480 млн теңге несие көздері арқылы алынып отыр.
Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры арқылы "Еңбек бағдарламасы бойынша 56,6 млн, "Іскер" бағдарламасы бойынша 92,25 млн, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша 156,4 млн, аграрлық несие корпорациясы арқылы 174,75 млн теңге несие алынды. Ал 109,7 млн теңгеге өз қаражаттары есебінен мал сатып алынды.
Атап айтқанда, "Айтқожа" ш.қ. – 200 бас, "Көкжал" ш.қ. – 19 бас 9,7 млн, "Ұлан" ш.қ. – 50 млн теңге айналымдық қаржы қорын толтырды.
Сондай-ақ, ауданда сүт тауарлы фермаларын дамыту басты назарда.
2020 жылы Марқакөл ауылдық округінде 100 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы салу бойынша жұмыстар атқарылуда.
Бүгінгі күнге "Нұралы" шаруа қожалығы арқылы 600 басқа сүт-тауарлы ферма ашу бойынша шаралар жүргізілуде. Фермаға қажетті ғимарат құрылысы толығымен аяқталды.
Сондай-ақ, 2021-2023 жылдары жалпы құны 270 млн теңге болатын Абай, Боран, Марқакөл ауылдық округтерінде әрқайсысы 1000 басқа арналған бордақылау алаңдары салынады.
2021-2024 жылдары Сарыөлең, Абай ауылдық округтерінде әрқайсысы 100 басқа арналған тауарлы-сүт фермалары салынады.
Жалпы агроөнеркәсіптік кешен саласын дамыту аясында мал басын көбейту, сүт қабылдау пункттерін ашу, тауарлы-сүт фермаларын салу бойынша 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 105 жаңа жұмыс орны құрылады.