Қырғыздың бір топ саясаткері Садыр Жапаровтың кандидат боп тіркелуіне қарсы шықты
Президент сайлауына қатысқысы келетін Адахан Мадумаров, Канатбек Исаев, Бектур Асанов 9 желтоқсанда баспасөз конференциясын өткізіп, Орталық сайлау комиссиясына үндеу жасады, деп хабарлайды zakon.kz Орталық Азияның жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Саясаткерлер мәлімдемесінде Садыр Жапаровты президент қызметінен үміткер ретінде тіркемеуін сұраған.
"Конституция бойынша, президент қызметін атқарушы президенттікке кандидат бола алмайды. Мұндай заң сайлауға түсетін үміткерлердің бәрі тең болуы үшін қабылданған. Садыр Жапаров, президент қызметін атқарушы ретінде, өзінің жақтастарын жауапты қызметтерге тағайындады. Сол арқылы ол басқа да үміткерлерден басым болып алды. Біз Орталық сайлау комиссиясынан Садыр Жапаровты президенттікке кандидат ретінде тіркемеуін сұраймыз", - деп мәлімдеді Канатбек Исаев.
4 қазанда өткен парламент сайлауынан соң елде наразылық акциялары өтті. Саяси дағдарыс кезінде президент Сооронбай Жээнбеков қызметтен кетті. Мемлекет басшысы қызметі Садыр Жапаровқа жүктелді.
Қырғызстанда президент сайлауы мерзімінен бұрын, 2021 жылғы 10 қаңтарда өтеді. Президент қызметіне 65 үміткер өтініш білдірген. 8 желтоқсандағы мәлімет бойынша, 19 кандидат қалды. Сайлау қарсаңындағы үгіт-насихат 15 желтоқсанда басталады.