Қазақ шенеуніктерінің тышқан жылындағы "қанатты сөздері"
Тіл түзелмей, әуелі ел түзелмес. Біз бұрнағы жылдары талай шенді-шекпендінің ауыздан авария жасап, сүрінгенін жариялап келдік. Бейпіл сөзбен ел есінде қалып, әлеуметтік желінің тозаққа бергісіз талқыларына түскен жайттар жеткілікті. Биыл әсіресе күллі әлемнің жағасына жармасқан пандемия уақытында әлгі бейпіл һәм бейәдеп жайттар тіптен есте қалады екен. Оның сыртында хайппен де астасып жатқан амал-әрекеттерді бақыладық.
Тышқан жылында болған тышқани тірліктер мен бейпіл сөздер жайлы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Самат Нұртаза, саясаттанушы:
Отыз жылда біз қазақ тілін білмей өмір сүре алмайтын жағдай жасай алмадық!
Бір жағынан оларды да түсінуге болатын шығар? Пандемия басталғалы ұйқы жоқ, шаруа көп, басы ашылған мың сан мәселе қажытқан я қалжыратқан болар. Осындай кезде біз журналистер де қай-қайдағы сұрақтарды қойып жынға тиген шығармыз!
"Жынымды келтірмеңізші менің".
Жә, экс вице-министр Серік Жұманғарин бұл сөздері үшін БАҚ өкілдерінен кешірім сұрап қойғалы қашан. Десе де, бұл оны "ауыздан авария" болған шенділердің тізіміне енуден құтқармады!
Айтпақшы, Серік мырза журналистермен арпалысып жүргенде, боксшы Қуат Хамитов та қарап отырмады. Вирустың өршуіне дезинфекция мамандарын кінәлап, көрген жерлерінде ұрып - соғыңдар, ал автоматы барлар тікұшақтарды тіпті атып түсіріңдер деп үгіттеді.
Десе де, полиция өкілдерінің тәртіп сабақтарынан кейін, артық кеткенін түсінді ме, аралас жекпе-жек шебері адастым, алжастым деп көптен кешірім сұрады. Алайда, оның бұл үндеуі халық арасында кәдімгідей мемге айналып, әзіл-шыны аралас видеолар қаптады.
Қаптау демекші, тышқан жылы тығылып барған тойлармен де есте қалатын болса керек. Карантинге қарамастан ырду-дырду тоқтаған жоқ! Тек форматы ауысты.
Ендеше жабық форматта той тойлаған қазақ, сиыр жылында ашық форматқа көшсін деп тілейміз.