Жаңалықтар тізбегі
0

Велосипедпен әлемді шарлаған Талғат Жұмабековтың тарихы

Талғат Жұмабеков, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.12.2020 15:35 Талғат Жұмабеков
Талғат Жұмабеков Жезқазғанда туып-өскен. Арғы атасы Баянауылдан шыққан.

Қазақстаннан шыққан велосаяхатшы Талғат Жұмабеков деген бар. Оның велосипедпен жер шарын шарлап жүргеніне бес жыл болды, осы уақытқа дейін ол қазақ туын желбіретіп, 41 елде болды. Бірақ биыл ол мамыр мен қараша айы аралығында әлемді шарпыған Covid-19 коронавирус инфекциясының пандемиясы салдарынан АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласында "қамалып" қалған еді. 15 қарашада ол өзінің велосаяхатын жалғастырып, Мексика (42-ші мемлекет) шекарасынан өтті. Сонымен, қазір Талғат Мексикада. Бұл өзі Талғаттың осымен бесінші веложорығы, бұл жолы оның бағыты Солтүстік Американың солтүстік нүктесінен басталып, Оңтүстік Американың оңтүстік нүктесіне дейін жетпек. Отандасымыз әлемнің барлығы 150 еліне баруды жоспарлап отыр.

Талғат қым-қуыт үлкен қалаларды, тас орманды ұнатпайды. Ондай қалаларда ұзақ тұра алмайды. Оның жаны табиғат пен саяхатты сүйеді. Ол негізінен жалғыз саяхаттайды, ол – жер шарын айнала экстремалды саяхатқа бекінген адам. Ол ақша мен дүниеге, материалдық игілікке еш қызықпайды. Бар байлығы – астындағы велосипеді, ол бұл дүниенің түрлі жайлылықтарынан бас тартып, тек ең қажетті деген азғантай заттарды қанағат еткен кісі. Ол өзінің ең басты жетістігі деп Аллаһқа сенімін атайды. Оның пікірінше, кез-келген мемлекеттің сәні – адамдар. Ол өз жолында қайырымды, қарапайым да ақкөңіл адамдар көп кездесетінін айтудан талмай келеді. Саяхат кезінде Талғат елшіліктер мен қазақ диспораларының өкілдерімен, жергілікті халықтармен кездесіп, оларға өзінің елі, өз халқы туралы көп әңгімелейді.

Талғат Жұмабеков Жезқазғанда туып-өскен. Арғы атасы Баянауылдан шыққан.

Саяхатқа аттанғанға дейін ол бимен, хореографиямен айналысты, өзінің би тобы болған еді.

Қиын-қыстау тоқсаныншы жылдары көптеген қазақстандықтар сияқты Талғат та коммерциямен айналысып көрді, бірақ одан бизнесмен шықпайды екен. Ол шығармашылыққа қайта оралып, Алматыға көшті. Алматыда Қыдырәлі Болмановпен танысып, бір кездергі атақты "АБК" тобының директоры болып біраз жұмыс істеді.

Сосын ол композитор, аранжировка шебері және музыкант, марқұм Қайрат Жәнібековпен танысты. Екеуі жақын достасып, "Дизель" деген топ құрған.

Кейін Талғат продюсерлік жұмыстармен айналысып, отандық әншілердің альбомдары мен клиптерін шығарды, ірі компаниялармен жұмыс істеп, той-бизнесті де біраз дөңгелетті, үлкен концерттер өткізді. Ол өзін қашан да шығармашылық адамы деп санайтын.

Жеке өмірінде болған біраз ауыр сынақтан соң ол қажылыққа баруды ұйғарды. Осы шешімнен кейін өның өмірінде кілт өзгеріс болды. Ол қасиетті Меккеге жаяу бармақ болып, әлеуметтік желілер арқылы өзіне серік іздеді. Сонда бір танысы бұған қажылыққа велосипедпен неге бармасқа, деген ұсыныс айтқан екен. Бұл кеңес Талғатқа ұнап қалды. Күндердің күні ол дүкенге барып, саяхатқа қажетті деген заттардың бәрін бір-ақ күнде сатып алды – велосипед, велосөмкелер, палатка, ұйықтау мөшегі мен қалған ұсақ-түйегін сайлап, тас-түйін дайындалды.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.12.2020 15:35

Алғашқы веложорық

Мекке бағытындағы ең алғашқы веложорығына Талғат 2015 жылдың 6 қарашасында аттанды.

– Әлі есімде, мен жолға шыққанда күн салқын еді, минус 3-5 болатын. Сондағы ең алғашқы ойым, мен не істеп жүрмін өзі, қайда бармақпын? – дейді Талғат. – Аллаһ-Тағалла маған сынақ жіберген екен солай, жаңбыр да тамшылай бастады. Бірақ мен бастаған істі аяқсыз қалдырмайтын адам едім. Сол-ақ екен, сәлден соң күн ашылып, мен де бейне бір Аллаһтың жылы нұрын сезінгендей, жүрісімді жалғастыра бердім.

Ол Қазақстанның оңтүстігін, Каспий жағасын, Ресей, Әзербайжан, Грузия, Түркияны басып өтіп, Стамбулға жетті. Сол жерден бірақ Каирге ұшақпен аттануға мәжбүр болды: Сириядағы соғыс кесірінен солай етуге тура келді.

Талғат Сауд Арабиясына Египет арқылы бармақ болған, Каирге ұшып келгесін Қызыл теңіздегі Нуэйба портына қарай тартты. Сол жерде паромға мінбек еді. Бірақ оны визасыз өткізбей қойды. Содан ол Түркия арқылы Қазақстанға қайтып келді. Ер кезегі үшке дейін демекші, кейін ол өзінің төртінші веложорығында үшінші рет тәуекел етіп, қажылыққа барды, бұл туралы әлі айта жатармыз.

Сонымен, жорығының бірінші турында Талғат бес елде болды – Ресей, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Египет. Велосипедпен жеті мың шақырымдай жол жүрді. Содан кейін велосаяхат жасау оған қатты ұнап қалды. Ел мен жерді, адамдар мен халықтарды тереңірек танығысы келген ол жер шарын айнала саяхат жасауға бекінді.

Екінші веложорық

Екінші веложорық Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды, оның бағыты Батыс Қазақстандағы Атырау қаласынан басталып, Испанияның Барселона қаласына дейін еді. Бұл жолды Талғат өзінің жас досы Асқар Сызбаевпен бірге жүріп өтті. Старт мен финиш аралығындағы уақыт 100 күнге созылды. Сол уақыт ішінде қазақстандықтар 25 мемлекетті, 10 мың шақырым жолды басып өтті.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.12.2020 15:35

Үшінші веложорық

Ол саяхат та Алматыдан басталды. 2017 жылдың 30 сәуірінде Талғатты Республика алаңынан ресми түрде шығарып салды. Ол Астанаға дейін жетіп, одан әрі Семейге, Семейден Омбыға шықты, Ресейді кесіп өтіп Еуропаға жол тартты. Қазан, Мәскеу, Беларусь арқыры Польшаға кірді, Польшадан – Германияға жүрді.

– Германияда мені біздің қазақтар күтіп алды, соған өте қуанған едім, – деп еске алады Талғат. – Польша шекарасынан шыққаннан кейін Одердегі Франфуркт қаласына кірдім, сонда "Ассалаумағаллейкүм, Қазақстан!" деген сөзді естідім. Менің Қазақстаннан екенімді біздің сондағы жерлестер қазақтың көк туынан біліп қойды, мен велосипедіме ту тағып жүремін. Одан кейін де жол бойы көптеген қазақтар мен қазақстандықтарды кездестірдім. Олардың бәрі әлеуметтік желілерде топтасып алып, бірі-бірімен жақын араласады, қай ірі қалаға барсам да мен туралы хабар сонда тұратын жергілікті қазақтарға жетіп, олар мені күтіп алды. Мен Голландия арқылы Бельгияға кіргенімде де мені біздің қазақтар күтіп алды. Францияның Парижіне келсем, онда да қазақтар шықты алдымнан. Қайда барсам да біздің қазақтар жүр.

Франциядан кейін Талғат Мадридтен бірақ шықты. Испаниямен жүріп өтіп, Гибралтар бұғазына жетті, сол жерден паромға мініп, Африка құрлығына, Мароккоға жетті.

"Марокко да керемет ел екен, ол жерде Қазақстаннан барған студент жастарды кездестірдім. Олар тіл үйрену курсында оқиды екен, мені тіпті қонаққа шақырды".

Мароккодан ол ұшаққа мініп Иордания жеріне қонды, сол жерден умра жасау үшін тағы да Сауд Арабиясына бармақ болды. Бірақ бұл жолы да әлдебір себептермен Талғатқа Меккеге бару бұйырмай қалды.

Иорданиядан өткен Талғат тағы Түркияға аттанды. Антальяға келді. Атлант жағалауымен Стамбулға дейін жүрді, сол жерден Қара теңізді жағалап, тағы да Грузия мен Әзербайжанға жетті.

Сосын Ресейге ойысты. Солтүстік Кавказбен жүріп, ол жерден Мәскеуге барды. Мәскеуде ол қазақ диспорасымен танысты, олар бұған веложорықты Горный Алтайға дейін жалғастыру туралы кеңес берген. Осы жерден Қазақстанға оралмақ боп тұрған Талғат бұл кеңесті қабыл алды.

Бұл жорық 17,5 айға созылып, Астанада аяқталды.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.12.2020 15:35

Төртінші веложорық

Төртінші велосаяхатында Талғат көптен күткен қажылығына бара алды. Визасы оған Меккеге ұшақпен немесе автобуспен бару мүмкіндігін берсе де, ол шекарадан өзінің темір тұлпары – велосипедпен өтуге тәуекел етті.

– Мен Біріккен Араб Әмірліктеріне келгенде Сауд Арабиясының өкілі, жас офицер мені тоқтатып, маған менің визам велосаяхатқа арналмағанын айтты, – дейді Талғат. – Менің танысымның көмегі тиді. Ол жаңағы офицерге менің велосипедпен қандай жолдармен жүріп өткенімді, Меккеге қажылыққа осымен үшінші рет талпынып келгенімді араб тілінде жазып берді. Ғажап болды. Басшылықпен ақылдасқан олар мені шекарадан өткізді. Қатты қуандым сол кезде. Шекарадан өткен соң құмды дауылға да, қолайсыз ауа-райына да елең етпедім, өте бақытты едім.

Осылайша Талғат өзінің өмірдегі бір ұлы мақсатына жетті.

Киелі қала Мединаға бара жолда Талғаттың артынан полиция көлігі еріп, бірге жүріп отырды. Оның себебін сұрауға Талғат батпады, жүре келе көзі де үйреніп кетті оларға. Кенет дүлей дауыл тұрып, құм ұшты, қозғалу қиындап кетті. Сонда Талғат жаңағы полицейлерді арттан емес, алға түсіп жүруін сұраса, полицейлер велоспипедтің алдына түсіп, қажылыққа велосипедпен бара жатқан қазақты ауа-райының қолайсыздықтарынан қорғады.

Төртінші веложорығында Талғат Өзбекстан, Түркіменстан, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы арқылы 6 мың шақырым жол жүрді.

Ал жалпы, төрт жорықта ол 39 мемлекет пен 55 мың шақырым жолды еңсерді.

Бесінші веложорық

Бесінші велосаяхатқа Талғат 2019 жылдың жазында шықты, Солтүстік Американың солтүстік нүктесінен Оңтүстік Американың оңтүстік нүктесіне дейін жетуді жоспарлаған еді. Аляскадан басталды, сосын Канадамен жүріп өтіп, онда да көптеген қазақстандықтармен кездесті, Америка құрама штаттарының ірілі-ұсақты қалаларында болды.

Қарапайым америкалықтар Талғатты туған бауырындай күтіп, қонатын жерін, тамағын ұсынды. Саяхатшыға сенетіні сонша, біреулер тіпті тынығуға үйіне шақырып, өздері жұмысына кетіп қалыпты. Ал кешкісін Талғатпен бірге шай ішіп, Қазақстан туралы, қазақтар туралы сұрайды екен.

Аляскада велосипедінің бір педалі түсіп қалғанда жергілікті бір тұрғын жаңа педаль тауып беріп, үйіме қонақ боп кетіңіз деп жалыныпты.

"Саяхатшыларды үйіне кіргізетін адамдардан айналдым", – деп Талғаттың әлеуметтік желіде жазғаны бар.

2020 жылдың 6 мамырында Талғат Лос-Анджелес қаласына келді. Сосын пандемия кесірінен осы жерде бөгеліп қалды. Онда жарты жыл жүріп қалып, көптеген адамдармен танысты, жаңа достар тапты. Ал Лос-Анджелеске барар жолда біздің атақты жерлесіміз, даңқты боксшы, "Балқаш жолбарысы" Василий Жировпен кездесті. Сосын бос уақытында өзінің жиналып қалған видеоларын монтаждап, оны Тұран-ТВ телеарнасы мен өзінің YouTube-тегі арнасына дайындаумен айналысты.

15 қарашада ол өзінің жаһандық саяхатын жалғастыра алды. АҚШ-тан шығып, Мексика шекарасынан өтіпті. Қазір сонда екен.

Сонымен, бес веложорығы аясында Талғат 41 мемлекет пен 70 мың шақырымдай жол жүріпті. Мексика – оның барған 42-ші мемлекеті.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.12.2020 15:35

Саяхаттың мәні неде

Талғатты түсінбейтіндер бар. Басыңды қатерге тігіп, велосипедпен қаңғи беруден не табасың дейді. Сөйтсек, Талғат осылайша өз бойындағы кемшіліктермен күреседі екен.

– Мен Құдайға сенетін адаммын. Аллаһ алдында жаным мен жүрегім таза болса екен деймін, – дейді ол. – Терең ойлауды үйреніп жүрмін, дүниенің мән-мағынасын түсіне бергім келеді. Дұрыс түсінгім келеді. Бұрыс емес. Көп жол жүргенде, әлемді көргенде, түрлі адамдармен кездескенде көретін, түйсінетін нәрселеріңді ешбір кітаптан ұғып-біле алмайсың. Сосын бар құндылықтарыңды қайта бағалай бастайсың. Бұл саяхаттар мені қатты өзгертті. Бұрынғы өзімнің жанында қазіргі өзім – өзіме әлдеқайда көбірек ұнайды. Жайлы ортадан мен толық шығып кеттім.

Адам дінге құр жайдан бет бұрмайды, ол да белгілі бір жан зәрулігінен туындайды. Талғат біраз қиындықты бастан өткерген. Ол бұрын музыкалық продюсер еді, елдегі шоу-бизнесте танымал адам еді. Бір сәтте бәрінен айырылды – үй, ақша, отбасынан. Ол өмірім осымен бітті деген еді. Бірақ бітпепті. Исламды қабылдап, білімге жетті, Құдайға сенді.

– Осы сынақ басыма түспегенде мен дінге келмес пе едім. Ал дінге келмесем, қазіргідей болмас едім. Мен қазір бақыттымын, – дейді Талғат. – Фәнидің жалған екенін жақсы түсінемін, бір Аллаһ бар, алдына бәріміз барамыз. Соған барғанда өмірдегі жақсылығың жасаған жамандығыңнан көп болғаны жөн…

Талғат велосипедпен жүргенде суыққа да, күннің ыстығына да, сусыз, тамақсыз түрлі сынақтардан көп өтеді. Оның берік діні сондай сәттерде шыңдала түседі. Оның саяхатының басты мәні – сенім. "Әлемді өзгерткің келсе, өзің өзгер, деген сөз бар еді. Сол әлем жақсара түсу үшін мен мен өзгеріп келемін".

Талғат ақшасыз жүреді, өз күшімен. Тұрақты қаржыландыратын ешкімі жоқ. Алматыдан алғаш шыққанда қалтасында жүз доллар ғана болған.

Талғат өз жолында қонақ үй, отель-мотельге көп жатпайды. Тек жуыну, жақсылап тынығу қажеттігі туған кезде ғана олардың қызметіне жүгінеді. Ол көбіне табиғат аясында палаткасын құрып, солай-ақ ашық аспан астында жата салады, жұлдызға қарап, таза ауамен тыныстап, жол бойы кездестірген адамдарымен тілдесіп.

Қиындық күн сайын бірнеше рет алдынан шығады. Оны жеңіп, саяхатын ары қарай алға жылжыту үшін қиындық кездеседі, деп қабылдайды ол.

Талғат велосипедтен талай рет құлады. Алғашқы саяхатында оң аяғынан жарақат алған. Сол жарақат әлі күнге дейін мазалайды. Канадада педальға сіңірін оңдырмай соғып алды. Ондайға Талғат мән бермейді.

Бірақ ең үлкен қауіп – тас жолдардағы автокөліктер екен. Талғатты талай рет көлік қағып кете жаздады.

"Бәрін тастап, үйге қайта салайын деген ойыңыз болды ма?" деген сұраққа Талғат бүй дейді:

"Үнемі сондай ой келеді. Бірақ мен күресемін, мен бейне бір жиһад жолында жүргендеймін, менің басты қозғалтқыш күшім сол, күресу".

Қиындықтан өткен сайын адамға қанат біте береді екен, деп санайды ол.

Талғаттың ойынша, кез-келген елдің сәні – адамдар. "Құдай мені тек мейірімді, абзал адамдармен жолықтырады, – дейді ол. – Мұсылмандар ғана емес, түрлі дін өкілдерін кездестіремін, бірақ бәрі бірдей маған көмекке қол ұшын созды. Ол адамдардың ешқайсысын ешқашан ұмытпаспын".

, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.12.2020 15:35

Мен елімді, халқымды сүйемін

– Иә, елім мен жерімді шексіз сүйемін. Қазақстаным көркейе берсе екен деймін. Ата-бабаларымыз сияқты ең қонақжай, ең аңқылдақ, ең жақсы адамдар Қазақстанда көп болса екен деймін. Қазақстанды барша әлемге жақсы жағынан танытқым келеді. Өкінішке қарай, сайқымазақ "Борат" фильмін шетелде бәрі көрген екен, соның теріс әсері байқалады екен. Қайдан келдіңіз дегенде Қазақстаннан десем, "Аа, Борат" десетіндер бар. Бірақ елдің бәрі емес. Біреулер бұл фильмнің жай ғана комедия екенін білсе, енді біреулер шынымен Қазақстан туралы Бораттан басқа ештеңе естімеген өмірінде. Мен болсам Қазақстанның ондай емес екенін айтамын оларға, қандай керемет адамдар тұратынын жеткізуге тырысамын…

Талғат енді алдына жаңа мақсат қойып отыр: Қазақстанның туы ілінген велосипедпен әлемнің кемінде 150 еліне бармақ. Оның үштен біріне Талғат барып үлгерді…

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: