Кәсіподақтар федерациясы дауыс беруге мәжбүрлейтін партияларды әшкерелемек
Кәсіподақтар Федерациясы дауыс беруге қысым көрсеткен партиялардың әрекетін әшкерелемек. Жұмыскерлердің құқығын қорғайтын ұйым осы мақсатта жедел желіні іске қосып отыр. Егер партиялар, я болмаса жұмыс берушілер сайлаушының таңдау жасауына кедергі келтірсе, дәлелдерге сүйене отырып, халық алдында масқаралауға мәжбүрміз дейді, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауын кәсіподақтар федерациясынан 7 мыңға жуық байқаушы қадағалайды. Жұмыскерлердің құқығын қорғайтын ұйым қандай да бір партия тарапынан дауыс беруге қысым, я мәжбүрлеу деректерін есепке алып отырмақ.
Нұрлан Өтешев, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары:
Жұмыскерлерге жұмыс берушілердің атынан, жұмыс берушілердің жағынан ешқандай мәжбүрлеу, ешқандай қысым жасамау үшін соны алдын ала айтып жатырмыз. Әр партияның өкілдеріне. Неге десеңіздер, әр партияда жұмыс берушілер партияға мүше ретінде аз емес, көп.
Осы мақсатта бүгіннен бастап жедел желі іске қосылады. Яғни сайлауға түсіп жатқан партиялар заңбұзушылыққа барса аймақтық штабтың мүшелері дәлел жинауға кіріседі. Деректер расталған жағдайда қай партияның қандай сарында қысым көрсеткені ақпарат құралдарында жарық көреді.
Олжас Сыздықов, ҚХП сайлауалды штабының жетекшісі:
Біздің партиямыз үшін мұндай бақылаулар маңызды. Қазақстан азаматтарының құқығы объективті түрде, заң аясында қорғалып отыруы тиіс. Біз өз үгіт-насихат жұмыстарымызда да жұмыскерлердің құқығына басымдық берудеміз.
Кәсіподақ мүшелерінің өзекті мәселелерін "Ауыл" партиясы да сайлауалды бағдарламаларына енгізген. "Халық арасында алдын ала сауалнама жүргізіп, бірнеше бағытты айқындап алдық", - дейді партия өкілдері.
Төлеутай Рахымбеков, "Ауыл" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Жұмыстың қауіпсіздігі. Жұмыстың ұйымдастыру жағдайы. Әлеуметтік жағдайы жұмыскерлердің қолдау. Осындай көп ұсыныстар болғаннан кейін халықтың берген ұсыныстары аманат ретінде. Өз мойнымызға жүктеп отырмыз оны.
Сондай-ақ бүгін "Ақ жол" демократиялық партиясы онлайн саудамен айналысатын компания қызметкерлерімен кездесті. Мекемедегі мамандардың 90 пайызы 25 жасқа дейінгі өрендер болғандықтан, кездесуде жастарды толғандырған мәселелерге басымдық берді.
Азат Перуашев, "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы:
Ең өткір проблемалардың бірі, меніңше. Жыл сайын 34-35 мың біздің жастарымыз оқуға кетеді шетелге. Еі дарынды ең білімді балаларымыз өз білімін көрсеткеннен кейін көбісі сонда қалып отыр.
Ал "Nur Otan" партиясының үгіт-насихат жұмыстары Қарағанды облысында жалғасуда. Фракция мүшелері шахтерлардан бөлек, өңірдегі әлеуметтік сала қызметкерлерімен де кездесіп, сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды.
Нұрлан Нығматулин, "Nur Otan" партиясы фракциясының жетекшісі:
"Нұр Отанның" бағдарламасы кешенді әрі нақты мақсат қойған. Басым бағыттардың негізгісі өнеркәсіпті дамыту, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік сала, шағын және орта бизнесті қолдау.
Айтпақшы, бүгіннен бастап ТМД-дан байқаушылар Миссиясының Штабы елдегі кезекті парламенттік сайлау аясында жұмысын бастайды. Аталған ұйымның бұл бағыттағы тәжірибесі мол. Биыл 14-ші мәрте сайлаудың әділ өтуіне атсалыспақ.