Шенеуніктер ертең шетел асатын бала-шағасын заңмен қорғап қойды
Шенеуніктер мен депутаттарға шетелдік банктерден есепшот ашуға тыйым салатын заңға Президент қол қойды. Бұл дегеніңіз енді мемлекеттік қызметкерлерге ресми түрде шектеу болады деген сөз. Алайда, бұл өзгертуге қатысты қоғамның пікірі екіұдай. Бірі "дұрыс болды" деп қолдау білдірсе, тағы бір тарап "атқамінерлер онсыз да ақшасын өз атында ұстамайды, әйелдерінің атына аударып қояды" деп уәж айтуда, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Шенеуніктер мен депутаттарға шетел банктерінен шот ашуға шектеуді күні кеше парламенттің қос палатасы бірінен кейін бірі талқылаған болатын. Сол кезде шенділердің өзіне ғана емес, әйелдеріне де тыйым салу керек деген ұсыныстар айтылған еді.
Нұржан Нұрсипатов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Бұл шектеулер лауазымды тұлғалардың жұбайларына, кәмелетке толмаған балаларына қатысты бола ма? Егер жоқ болса, бұл заңның тиімділігі қайда? Бұл норма квазимемлекеттік секторлардың өкілдеріне қатысы бар ма? Болмаса неге іріктеп, таңдап шектеу енгізіледі?
Амал нешік, ескертпе айтылды, қалды. Заң бір ауыздан қабылданып кете барды. Бірақ, ел ішінде бұл өзгеріске қатысты сын-ескертпе көп. Заңды не заңсыз табысын қай шенеунік өз атына тіркейді дейді жұрт. Бұл сұраққа қатысты Жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері былай жауап берді.
Олжас Бектенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:
Біз нарықтық қоғамда өмір сүреміз. Мемлекеттік қызметкерлердің әйелдері бизнеспен немесе басқа да нәрсемен айналысып жатады.Шетелге шығу қажеттілігі тууы мүмкін. Егер біз оларға шектеу қойып тастасақ, талап тым қатал болып кетуі мүмкін. Біз бірінші қадамды жасадық. Шенеуніктерге шетелде шот ашуға тыйым салынды. Әрі қарай тәжірибеге қарай көре жатамыз.
Саясаттанушы Қазбек Майгельдинов шенеуніктермен қатар отбасы мүшелеріне де шетелдік банктерден шот ашуға тыйым салу керек деген бастаманы қолдайды. Мемлекеттік қызметке бара жатқан әр адам барлық жағынан дайын болуы керек деген пікірде.
Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:
Жанұя мүшелеріне де мұндай шектеулер қойылуы керек. Қандай да бір шектеулер қойған кезде мелекеттік мүддені қорғау негізінде қойылып отыр. Сондықтан бұл барлық жанұя мүшелеріне тарауы керек деп санаймын. Мұның бәрі сыбайлас жемқорлық мәселесіне келгенде немесе шетел компанияларының лоббиі айтып кеткен мәселелер болған кезде әйелдерінде шот болатын болса, мемлекеттік қызметкер имиджіне тікелей әсер етуі мүмкін.
Ал, заңгер Абзал Бекбосынов мемлекеттік қызметкерлердің отбасы мүшелеріне тыйым салудың қажеті шамалы екенін айтады. Себебі, отағалар декларация тапсырғанда бәрі ашық әрі анық жазылады, дейді.
Абзал Бекбосынов, заңгер:
Ең жақын туысы әйелі болып есептеледі. Есепшот ашқанмен декларацияда көзделген. Декларация тапсыруға және өзінің есепшотында қанша ақша барын және жылжитын, жылжымайтын мүліктері бары жөнінде тіркеуге міндеттелген.
Айтты-айтпады депутаттар мен шенеуніктердің өздеріне тиым салынғанымен жан-жарлары шетел банктерінде шот ұстап, бизнестің кез келген түрімен айналыса алады. Яғни, олардың табысының сырын тек жаппай декларациялау енгізілгенде ғана анықтауға болатын сияқты.