Жайылымдар жүктемесін космомониторинг арқылы көруге болады
Жер ресурстарын басқару комитетінің төрайымы Гүлжахан Бимендина ҚР АШМ алқа отырысында жайылымдардың жүктемелігі бойынша космомониторинг деректерін қалай бақылауға болатынын айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
"Жайылымдық жерлер бойынша космомониторинг жүргізу процесі мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің және ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жүйесінің дерекқорын интеграциялау арқылы жүзеге асырылады. Деректер жайылымдық жерлердің жүктемесінің бекітілген нормативтеріне сәйкес автоматты түрде салыстырылады. Алынған ақпарат негізінде өңірлердің электрондық картасы тиісті түспен боялады. Жайылымдардың жүктелмеген учаскелері қызыл түспен бейнеленеді", - деді комитет төрайымы.
Гүлжахан Бимендинаның айтуынша, ғарыштан түсірілген ақпараттар арқылы жайылымдардың қаншалықты жүктелгені ғана емес, егістік жерлерді пайдалану барысы да қаралады. Жер инспекторлары алқаптарды өңдеу барысын, дақылдардың түрлерін анықтайды, химиялық өңдеу және т. б процестерді бақылайды.
Жер инспекторының жеке кабинетінде пайдаланылмайтын жерлерге хабарламаларды автоматты түрде қалыптастыру және осы құжатты жер пайдаланушылардың жеке кабинеттеріне жолдау қарастырылған.
Сондай-ақ, Г.Бимендина ҚР АШМ жақында Smart Bridge мемлекеттік платформасында ЖТҚ (жеке тұрғын-үй құрылысының) жаңа нұсқасын іске қосқанын хабарлады. Ал, ескі нұсқасы мұрағатқа көшірілген.