Мамандар Қазақстанның оңтүстігінде жарықтың сөніп қалуының себебін атады
Қазақстанның оңтүстігінде электр энергиясының өшуі Өзбекстанның энергия жүйесіндегі ақауларға байланысты болды, деп хабарлайды zakon.kz.
"2021 жылғы 5 қаңтарда шамамен сағат 17:41-де Орталық Азияның Біріккен энергия жүйесі (БЭЖ) тарапынан (шамамен 800 МВт) қуаттың күрт артуы нәтижесінде Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) Солтүстік-Оңтүстік транзитінің қатарлас жұмысының тұрақтылығы бұзылды. Осыған байланысты, жабдықтардың зақымдануын болдырмау мақсатында автоматика іске қосылып, Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік транзитінің 500 кВ-тық үш әуе желісі және 220 кВ-тық бір әуе желісі ажыратылды. Нәтижесінде Қазақстан БЭЖ-і мен Орталық Азия БЭЖ-нің Оңтүстік аймағы жиілігі 48,31 Гц-ке дейін төмендеп, оқшауланған жұмысқа бөлінді", деп хабарлайды "KEGOC" АҚ.
Соңғы деректерге сәйкес, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды және Түркістан облыстары бойынша шектеулер көлемі 959 МВт құрады.
"KEGOC" АҚ қызметкерлерінің жедел жұмысының арқасында 17:51-де Қарағанды облысы бойынша шектеулерді алып тастауға команда берілді, 17:58-де Оңтүстік аймақ Қазақстан БЭЖ-мен синхрондалып, Қазақстан энергия жүйесінің тұтастығы қалпына келтірілді. Сағат 18.15-те барлық шектеулерді алып тастауға команда берілді.
Бұл жайтқа өзбек энергетикалық жүйесі себеп болып отыр, онда Талимарджан ГРЭС-інде 450 МВт екі бу-газ қондырғысы ажыратылған, сонымен қатар бірқатар өзге де электр станцияларында генерация төмендеген.