ҚХП аралық қорытындыны шығарды
7 қаңтарда Алматыда Қазақстан Халық партиясының сайлауалды штабының кеңсесінде қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттар мен партия көшбасшыларының онлайн конференциясы өтті, деп хабарлайды zakon.kz.
ҚХП мүшелері сайлау науқанының аралық қорытындысын шығарып, алдағы ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары сайлауына дайындық жөніндегі жұмыс жоспарын талқылады.
Өзекті мәселелерді талқылауға Қазақстан Халық партиясы көшбасшыларының бірі Жамбыл Ахметбеков қатысып, ҚХП қарапайым адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру үшін сайлауға қатысып отырғанын еске салды.
Біз осы жылы Қазақстандағы нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай Үкіметтегі оптимистердің болжамдарымен түбегейлі сәйкес келмегенін көріп отырмыз. Қарапайым қазақстандықтар тиісті қорғаусыз қалды. Біз экономикадағы косметикалық реформалар ештеңе бермейді деп санаймыз. Бізде квазимемлекеттік және трансұлттық шикізат корпорациялары басымдыққа ие. Олар терең өңдеумен емес, шикізатпен айналысқан кезде ештеңе өзгермейді. Біз мемлекет дамудың түбегейлі жаңа моделін қабылдауы – халықтық экономика құруы керек деп санаймыз, – деді Жамбыл Ахметбеков партия мүшелеріне.
Ол мемлекет өнімді және лайықты ақы төленетін еңбек құқығын қамтамасыз етуі тиіс екенін мәлімдеді.
Экономика өсімді көрсетсе де, халық мұны сезбейді. Біз өнімдерді, тауарларды, жабдықтарды импорттаймыз және бағаның үздіксіз өсуін байқаймыз. Қазақстандықтардың доллардағы орташа табысы 2008 жылдан бері өсіп келе жатқан жоқ. Қазақстанға халықтық экономика қажет. Мұндағы негізгі басымдық ЖІӨ-нің өсуі емес, тұрақты жұмыспен қамту және халық табысының өсуі, – деп пікір білдірді Қазақстан Халық партиясының көшбасшысы.
Жамбыл Ахметбеков әріптестеріне ҚХП сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтарының бірі несие рақымшылығын жүргізу туралы ұсыныс екенін еске салды.
Бірден айта кетейін, біз барлық несиелердің, әсіресе сән-салтанат заттарына, тойларға және сапарларға алынған несиелердің кешірілуіне қарсымыз. Біз пандемияға дейін адал салық төлеген, бірақ шектеу шараларының салдарынан өмірлік қиын жағдайға тап болған кәсіпкерлер мен қызметкерлерді қолдаймыз. Әлеуметтік шиеленістің деңгейі жоғары екенін көріп отырмыз. Оны азайту үшін нақты шаралар қажет, – деп түйіндеді ҚХП ОК хатшысы.