ОСК мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын қорытындылады
2021 жылғы 12 қаңтарда Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауының қорытындылары және дауыс беру қорытындылары бойынша мәслихаттардың депутаттық мандаттарын бөлу туралы отырыс өтті, деп хабарлайды zakon.kz ҚР ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырысқа саяси партиялардың өкілдері, бейнеконференцбайланыс режимінде облыстардың, Нұр-Cұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары, онлайн режимінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев отырысты аша отырып, мәслихаттар депутаттарын сайлау қорытындыларын анықтау жөніндегі өкілеттіктер аумақтық сайлау комиссияларына тиесілі екенін атап өтті. Тиісті жұмыстарды облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары барлық 216 мәслихат бойынша жүргізді.
Осыған байланысты, күн тәртібі шеңберінде отырыста Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауының қорытындылары және дауыс беру қорытындылары бойынша мәслихаттардың депутаттық мандаттарын бөлу туралы аумақтық сайлау комиссияларының есептері тыңдалды.
Отырысты қорытындылай келе, Берік Имашев мәслихат депутаттары алғаш рет пропорционалды сайлау жүйесі бойынша сайланғанын атап өтті. Бұл 2007 жылғы конституциялық реформаның қисынды жалғасы болып табылады және республикалық және жергілікті деңгейлерде өкілді органдарды қалыптастыру жөніндегі тәсілдерді біріздендіреді.
«ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігін саяси партияның тиісті филиалының басшы органы сайлау жарияланған күннен бастап бес күннен кешіктірмей айқындайды.
Мәслихаттар депутаттарын сайлау қорытындылары туралы хабарды тиісті аумақтық сайлау комиссиялары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.