Жылу үшін өткен айдан 2 есе көп төлеген елордалықтар шу шығарды
Әлеуметтік желі қолданушылары үйдегі температураны бақылайтын компания өз қызметтері үшін қомақты сомалы түбіртек жібергенін жарыса жазуда, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Бірі, жылу тарифі екі есе қымбаттады десе, өзгесі неліктен қызмет бағасы шарықтағанын түсінбейтінін келтірген. Бірақ, көпшіліктің назынан кейін елордадағы "АстанаЭнергосбыт" және "Астана Теплотранзит" тарифтің қымбаттауын түсіндірді. Олардың пайымынша, квитанциядағы сандардың ұлғаюына ауа температурасының төмендеуі сеп болған.
2020 жылдың қарашасында сырттағы орташа температура 6,2 градус, ал, желтоқсанда - 15 градус болды. Осылайша, 2020 жылдың желтоқсанында сырттағы ауа температурасы төмендеген соң, жылу қызметін қолдану көбейді. Осының барлығы қаңтарда табысталған түбіртектерде көрсетілді.
Қос компания елордалықтарға жылу тарифінің өзгермегенін хабарлады. Сондай-ақ, олар барлық есеп арнайы құрал арқылы жүргізілетінін айтады. Мамандардың мәліметінше, жылуды санайтын құрылғы бар үйде тариф - 2432 теңге болса, счетчиксіз үй иесі - 2925 теңге төлейді. Ал, ескі, апатты, барак типтес үйлерде бір гигаколорияға тұрғын 2437 теңге көлемінде шығындалады.