ӨКМ Операторы: ескі техникаға 2 млн теңгеге дейін төленеді
ӨКМ Операторы 2021 жылдың 18 қаңтарынан бастап тозығы жеткен ауылшаруашылық техникасын қайта өңдеуге қабылдау бағдарламасын іске қосады, деп хабарлайды zakon.kz.
Ескі агротехника еліміздің 11 аймағында қабылданатын болады. 18 қаңтардан бастап Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Талдықорған, Шымкент қаласындағы қабылдау бекеттері жұмысын бастайды. Ақпан айының 1-нен бастап Павлодар, Алматы, Тараз қаласы ескі агротехникаларды қабылдайды. Жеңілдік сертификатының құны тапсырылатын техниканың түрі мен жиынтығына байланысты 560 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін бағаланады.
Тозығы жеткен аграрлық техниканы қайта өңдеуге қабылдау бағдарламасы бойынша биыл 1900 трактор және 480 комбайн қабылдауға квота бөлініп отыр. Агротехниканы өткізушілерге ыңғайлы болу үшін recycle.kz сайтында алдын ала өтінімді қарайтын жүйе енгізілді. Сол арқылы көлік тапсырушы техникасын электронды кезекке қоя алады.
Жеңілдік сертификатын Қазақстанда құрастырылған кез келген санаттағы көлікті сатып алған кезде қолдануға болады. Сонымен қатар екі сертификатты біріктіруге және оны басқа адамның атына тіркеуге (2 реттен артық емес) болады. Сертификат берілген күннен бастап 12 айға жарамды.
Айта кету керек тапсырылатын техника зауыттан шыққандағы салмағынан 50%-дан асатын болса толық жиынтыққа жатады. Айталық толық жиынтықтағы комбайнға 2 млн теңгеге жеңілдік сертификаты беріледі. Ал толық емес жиынтықтағы комбайнға берілетін сертификат құны 1,5 млн теңге болады. Сондай-ақ толық жиынтықтағы тракторлар үшін жеңілдік сертификатының мөлшері 1 млн теңге, толық емес жиынтықтағы машиналарға (шынжыр табанды немесе дөңгелекті) 560 мың теңгенің сертификаты беріледі.
Тозығы жеткен аграрлық техниканы қайта өңдеуге қабылдау бағдарламасы еліміздегі ескерген ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар экологиялық таза көлік құралдарын өндіруді ынталандыруға және қайта өңдеу жүйесін құруға ықпал етеді.