Қордайдағы жанжал бойынша айыпталушыларды тоқпен азаптаған сияқты
Қордайдағы ұлтаралық жанжалға байланысты Таразда өтіп жатқан сотта айыпталушылардың бірі өзін жарақаттады. Сот процесінде бір айыпталушы "бізді тоқпен азаптады, ұрып-соқты" деп шағымданды, деп хабарлайды zakon.kz.
Соттың мәліметінше, 18 қаңтарда айыпталушы Шамиль Харсанов "сот залындағы процесс аяқталып, судья шығып кеткен соң өзін оң иығынан жарақаттаған". Харсановтың не үшін олай жасағанын судья түсіндірмеді. Нақты қандай құрал қолданғанын да айтпады, деп жазады centralasian.org.
Сейсенбі күні сот отырысында Харсанов судьяға бірнеше рет отбасылық жағдайына байланысты хат жазғанын айтып, "өзін жарақаттауының себебін түсіндірмек болған еді", судья тыңдамады.
- Егер олай жалғаса берсе, сізге жауапкершілік артылады. Қазір мен бұл актілерді тиісті органдарга жіберуге тиіспін. Олар сіздің психологиялық жағдайыңызды тексереді. Бірақ сіз анаңыздың жүрегіне жарақат салдыңыз, "батыл қадам жасадым" деп ойлайтын шығарсыз, олай емес,- деді судья.
Ал адвокат Саттаровтың айтуынша, Харсанов өзін жарақаттаған кезде "көз алдымда конвойлар айыпталушыларды ұрды, сот приставтары бізді залдан шығармады" деп шағынған. Судья Айдарбек өзі оқиға орнында болмағандықтан, күзетшілердің әрекетіне қатысты баға бере алмайтынын айтты.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті оқиғаға түсініктеме берген жоқ.
Бір күн бұрын Харсановтың анасы процесс кезінде баласын "отбасылық жағдайына байланысты" үйіне босатуды өтінген. Ол күні Харсанов қана емес, тағы бірнеше айыпталушы "өздерінің асырауында кәмелет жасына толмаған балалар бар екенін" айтып, бұлтартпас шарасын өзгертуді немесе "жаппай тәртіпсіздік" бабын "өзін-өзі қорғау" бабына өзгертіп, істі тоқтатуды сұраған. Бірақ сот олардың талап-өтініштерін қанағаттандырмады.
Осыған дейін тегі дүнген кейбір айыпталушылар өздерін ұрып-соққанына да шағымданған. 18 қаңтар күнгі отырыс кезінде солардың бірі "бізді ұрды, тоқпен азаптады" деп айқайлады.
- Біз бұл жерде кінәсіз отырмыз, бостандықта болуымыз керек. Сіздер адамдарымыздың неге шыдағанын білесіздер ме, олар он екі сағаттан астам уақыт суықта тұрды (Қордайдағы жанжал кезінде қашқан дүнген отбасылары туралы – ред.). Бізге сөйлеуге мүмкіндік беріңіз, бізге адвокаттарды кіргізбеді, бізді ұрды, тоқпен азаптады. Көрмейсіздер ме? - деп айқайлады ол.
Сот тыныштыққа шақырып, кейінірек жарты сағат адвокат және қосымша қорғаушылармен кездесуге рұқсат берілетінін айтты. Олардың карантин жағдайына байланысты туыстармен кездесуіне рұқсат етілмеген, тек видео арқылы байланыса алады.
Сот процесі Тараздағы ЖД-158/1 тергеу изоляторында өтіп жатыр. Процесс ашық болғанмен, сот залына қорғаушылардан өзге ешкім кіргізілмеді. Туыстары мен журналистер тек онлайн бақылай алады.
Бұл іс бойынша 51 адам айыпталған, оларға "Жаппай тәртіпсіздік" (272-бап), "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" (287-бап), "Қорқытып алу" (194-бап), "Қарақшылық" (192-бап) және "Адам өлтіру" (99-бап) бойынша айыптар тағылған. Айыпталушылардың 16-ы ешқайда шықпау туралы келісіммен босатылғандықтан онлайн қатысады. Сотталушыларды 60 адвокат қорғап отыр.
Қазір сотта жанжал кезіндегі куәгерлердің сөзі тыңдалып, айыпталушылар түсініктеме беріп жатыр. Ал нақты қанша адамның жәбірленуші екені белгісіз.
2020 жылы 7 ақпанда түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс болған. Оқиға кезінде 11 адам қаза тапқан. Жанжалдан соң 120-дан астам қылмыстық іс қозғалып, 50-ден астам адамға айып тағылған. Прокуратураның мәліметінше, Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. 342 адам жәбірленуші деп танылған. 400-ден астам сараптама жүргізіліп, 1,5 мыңнан астам адам сұралған.