Балқаш ауданының бас полицейі: онлайн саудада мұқият болыңыз!
Инстаграмм әлеуметтік желісінде онлайн кездесу өткізіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берген Балқаш ауданы Полиция бөлімінің басшылығы қазіргі уақытта белең алған қылмыстардың бірі – интернет алаяқтық мәселесіне кеңінен тоқталды. Ведомство басшысы осы жайт бойынша пайдалы кеңестер беріп, алданып қалмаудың жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазір заман талабына сай онлайн сауданың көрігі қызып тұр. Түрлі сайт арқылы адамдар еліміздегі немесе шетелдегі өнімге тапсырыс беріп, сатып алуда. Дегенмен, жат пиғылды адамдар талайды сан соқтырып кетуде. Сондықтан, тапсырыс берместен немесе алдын ала төлем жасамай тұрып, сатушы туралы толыққанды зерделеу жасаңыз! Күмән тудырса, төлем жасамағаныңыз абзал, деді Балқаш АПБ бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Дәурен Құтпанов.
Облыстық полицейлер былтыр интернет алаяқтыққа қатысты 50 жуық қылмыстың ашылғанын хабарлады. Тәртіп сақшылары ғаламторда жасалған қылмыстарды ашу кезінде көп жағдайда алаяқтар елімізден тыс жерде отырып, жымысқы әрекеттерге баратыны анықталатынын айтады. Сондықтан, көлікті немесе мүлікті нарықтық бағадан өте төмен сатып, жылдам алдын ала төлем жасауды талап ететін сатушылардан сақ болуды ескертеді.