Жаңалықтар тізбегі
0

МӘМС-тің ауыл тұрғындарына қайыры қанша?

Ляззат Каражанова / azh.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 29.01.2021 15:43 Ляззат Каражанова / azh.kz
Қордың жалғыз акционері – ҚР Үкіметі.

Елімізде тұңғыш рет 1996-98 жылдары құрылған міндетті сақтандыру қорының жұмысы бел ортасына келгенде берекесіздікке батпандай батып, ақыры құрдымға кеткені мәлім. Су жаңа жасақталған МӘМС жүйесінің де шатқаяқтар тұсы бар, деп жазады Жас Алашта Айтбала Сүлейменқызы.

Жақында өңірдегі БАҚ өкілі Қарағандыдағы емханалардың бірінде жаңа жүйенің халықты қалай жарылқап жатқаны жайлы жұрт арасында сұрау жүргізген-ді. Дүйім ел әріптесіміздің қолындағы микрофонын жұлып алардай ашуға булығып: "Медсақтандыруға аударған қаржымыздың құрдымға кеткені ме? Мемлекеттік емханадағы шегі жоқ ұзын-сонар кезектің кесірінен қажетті маманға жете алмай, жолдан қайтамыз. Кеселіміз дендеген кезде ақылы клиникаларға жүгінеміз", – деп шағымданды. Халқының қарасы қалың қаладағылар қолжетімді медицинаға қарық болмай тұрғанда, қияндағы ауыл тұрғындары не күйде?

Ауылдағылар МӘМС-ке не үшін қаржы құяды?

— Медсақтандыру қорының тізіміндемін. Өткен жылы пандемия басталғанда қалқанша безім ауырды. Бірақ ауылда менің дертімді емдейтін дәрігер жоқ. Ауруыма үш айдай төзіп бақтым. Аудандағы дәрігер "порталға қоямыз, уақыты жақындағанда хабарлаймыз" деді. Уақыт өте келе сырқатым дендеп, күндіз тынышым кетіп, түнде ұйқыдан айырылдым. Ақыр соңында баламның қаржысына облыс орталығындағы жекеменшік клиниканың біріндегі эндокринолог-дәрігерге барып қаралдым. Тиісті қызмет түрін уақытында алмасақ, медициналық сақтандыруға қаржыны не үшін төлейміз? Ондай қордың қажеті қанша? Жүйкеге тиетін жүйенің талабы барлық жекеменшік денсаулық сақтау мекемелеріне неге бірдей жүрмейді? – дейді Жаңаарқа ауданында тұратын Мұрат Байқуатов.

Шағым иесінің өтінішін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қарағанды облысы бойынша филиалының өкілдеріне жолдадық. Бас сарапшы Жанар Рақышевадан келген жауап мынадай болды: "Егер ауылда тиісті сала дәрігері болмаса, учаскелік дәрігер сырқатты келісімшартқа отырған емханаға жолдамамен жібереді. Келісімшарт Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызмет жеткізушісі тізімінде болуы шарт. Сақтандырылған азаматтар осы тәртіппен ғана қажетті маманға қаралады".

Бұл жауаптың астарынан нені ұқтық? Сырғытпа сөз, "қосылғыштардың орындарын ауыстырғанмен, қосынды өзгермейді" деген ойды меңзегендей.

Кім кімді алжастырып отыр?

Медсақтандырудың талабын кері бұрып отырған емханалар да бар. Мәселен, Бұқар жырау ауданының Тоғызқұдық ауылында тұратын мектеп мұғалімі Салтанат Бошанова облыстағы "Талбесік" көпбалалы аналар одағы" қоғамдық бірлестігіне осы мазмұндағы назын жеткізген.

– Салтанат мектепте мұғалім болып істейді. Көпбалалы әйелдің үш жасқа толмаған баласы бар. Жас анаға емханадан қоңырау шалып, оған бір жылдың ақшасын салуды ескерткен. Егер ол шартты орындамаса, стационарлық қызметтен қағылатынын, флюрографиядан тегін өтпейтінін айтқан. Бұдан шығатын қорытынды, Салтанаттың қорға автоматты түрде түсуге тиіс жарнасы қайда кеткен? Базаға неге енгізілмеген? Былтыр пандемия кезінде емханалардағы салалық дәрігерлер (хирург, лор, невропатолог т.б.) жеті ай бойы науқастарды қабылдамады. Ауылда мұндай мамандар атымен жоқ екені айқын. Олай болса қиналыспен жан бағып отырған ауыл тұрғындарынан бір жылдық медсақтандыруың ақысын төлеуді табандап талап етуі абсурд, – дейді аталған бірлестіктің жетекшісі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі әлеуметтік жаңғыру тобының мүшесі Ләззат Қожахмет.

Алайда тиісті сала мамандары МӘМС-тің көлеңкелі тұстарына сәуле түсіріп, жұрттың көкейіне үміт отын жағу үшін барын салып бағуда. Денсаулықты кепілдендіретін қордың әлеуметті алаңдатып отырған күрмеуі қиын мәселесі үкіметтің құзырымен шешіледі. Өйткені қордың жалғыз акционері – ҚР Үкіметі.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: