Ресей елшісі орыс депутаттарының қытыққа тиетін мәлімдемелеріне түсінік берді
Қазақстандағы РФ елшісі Алексей Бородавкин ресейлік депутаттардың Қазақстан территориясына қатысты мәлімдемелеріне түсініктеме берді, деп хабарлайды zakon.kz.
"Хабар 24" телеарна тілшісі елшіден кейбір ресейлік депутаттардың Қазақстан территориясы туралы мәлімдемелеріне қатысты пікірін сұрады.
"Мен бұл мәлімдемелерден қандай да бір қорытынды жасағым келмейді. Менің ойымша, ол оған тұрмайды да. Мұндай орынсыз мәлімдемелер Ресейдің ресми ұстанымына қайшы келетіні ап-айқын. Біздің елдеріміздің арасындағы шекара өзара келісіммен бекітілген. Ол жатқан бүкіл ұзындығы бойынша делимитазацияланған. Ресей-Қазақстан күн тәртібінде территориялық мәселе деген, ондай шағым атымен жоқ. Мұндай мәселелер талқыланбайды", - деді Қазақстандағы Ресей Федерациясының елшісі Алексей Бородавкин.
Ол Ресейдің Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтейтінін баса атап өтті. Сондай-ақ, елші әскери ынтымақтастық туралы келісімді еске түсірді, оған сәйкес Қазақстан мен Ресей бір-бірінің аумақтық тұтастығы мен егемендігін өзара қорғауға міндет алған.
Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара екі елді бөлетін сызық емес, бұл бізді біріктіретін шекара. Менің ойымша, аумақтық тақырыпты қоздырушылар Ресей мен Қазақстан арасындағы достық қатынастарға зиян келтіруді мақсат етеді. Қазақстан мемлекеттілігінің қазіргі шекарасында қалыптасуының көпғасырлық тарихына келетін болсақ, бұл ғалымдар зерттеуі тиіс тақырып болып табылады, яғни ол біз секілді достас мемлекеттердің арасындағы сыртқы саяси дауға негіз емес, деп атап өтті ол.
2020 жылдың желтоқсанында ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресейге Мемлекеттік Дума депутаты Вячеслав Никоновтың "Қазақстан территориясы - Ресейдің тартқан керемет сыйы" деген мәлімдемесіне байланысты нота жолдады. Дипломаттар бұл мәлімдемеге қайран қалғандарын білдірді.
Осыдан кейін Ресей Мемлекеттік Думасының тағы бір депутаты Евгений Федоров Қазақстан территориясы туралы тағы бір дақпырт таратты. Ол "Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының аумағы Ресей Федерациясының сыйы екенін неге мойындамайды" деп таң-тамаша болды.
Қазақстанның Сыртқы істер министрі ресейлік депутаттардың мәлімдемесін "көк сиырдың мылжыңы" деп атады. Мемлекеттік Дума Ресейдің Қазақстанның егемендігін толығымен мойындайды деп мәлімдеді.