Алматы облысында жол жүретін жүргізушілерге ескерту жасалды
Алматы облысының тәртіп сақшылары ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты жүргізушілерді қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы облысының аумағында күннің күрт суып, ауа-райының өзгеруіне байланысты жол сақшылары жолда абай болуға және тиісті қызметтер жолдаған хабарламаларға жете мән беруге шақырды. Өйткені, жауын-шашын мен көктайғақ салдарынан облыстағы кейбір қауіпті жол учаскелері жабылуда.
Ауа-райының тұрақсыздығы мен күндіз еріген судың кешке қатып, жолды тайғаққа айналдыруына орай барлық көлік жүргізушілерін жылдамдық тәртібін бұзбауға шақырамын. Сонымен қатар, кейбір аудандарда қар мен боран күтілуде. Осыған орай, тұрғындардан сапарларын алдын ала жоспарлауды және жоспар құру кезінде ауа-райының өзгерістері мен тиісті хабарламаларды міндетті түрде ескеруді сұраймыз,- деді облыстық ПД Әкімшілік полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Дәулет Молдаханов.
Полиция өкілінің айтуынша, кеше Алакөл ауданында бұрқасын жел салдарынан "Үшарал – Достық" автожолында қозғалыс шектелді. Жол сақшылары жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолдарды жауып, қауіпті учаскелерде кезекшіліктерді күшейтеді.