Мемлекеттік кәсіпорындар фитнес пен курортқа 40 млн жұмсады
Мемлекеттік кәсіпорындар фитнес пен курорттық демалыстар үшін 40 миллион теңге жұмсаған. Мәжілісте Азат Перуашев Мемлекеттік сатып алудағы майшелпекті сынға алды. Депутаттың сөзінше, бұл осыған дейін жария болған факті, ал белгісізі қаншама. Ең сорақысы, негізсіз шығындардың өтеуі салық төлеушілердің қалтасынан жұмсалып отыр. Осыған орай мәжілісмен "Мемлекеттік сатып алу туралы" заң жобасының кей тармақтарын қайта қарап, тәртіпке келтіру керек деп есептейді, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
"Мемлекеттік сатып алу туралы" заңмен реттелетін орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жанындағы түрлі ЖШС мен РМК қалып қояды. Одан 2013 жылы отандық бизнесті қолдау шаралары алып тасталды. "Ақ жол" фракциясы бұл нормаларға қайта оралу қажет деп есептейді. Ілеспе заң жобасы аясында қазақстандық кәсіпорындарды мемлекеттік сатып алу туралы заңға тікелей қолдау шараларын енгізуді ұсынамыз.
Перуашев қаралымдағы заң жобасының 4-бабында «отандық өндірушілерге қолдау көрсету» туралы айтылғанын, ал заңда нақты ережелердің көрсетілмегеніне тоқталды. Сондай-ақ, ол ұлттық компаниялардағы сатып алу тәртібін тәуелсіз орталықтар бақылау керек деп есептейді. Қазір бұл міндетті Қаржы министрлігі атқарып отыр екен. Ал бұл тәсіл түлкіге тауық қораны сеніп тапсырғанмен бірдей дейді депутат.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жинақталған тәжірибеге сүйене отырып, мұндай тәсіл дұрыс еместігін ескертіп, "Ақ жол" фракциясы ұлттық компанияларды бақылау тәртібін олардың өздері емес, тәуелсіз орталықтандырылған қызмет не мемлекеттік аудитке беруді талап етеді. Өйткені бұл субъектілер кез келген жағдайда мемлекеттік ақшаға иелік етеді.