Қытайдан келген 3 млн "екпе флаконы" вакцинаға арналған құты боп шықты
Қытайдан Қазақстанға жеткізілген үш миллион "екпе флакондары" QazCOVID-in вакцинасына арналған құмыралар болып шықты. Бұл туралы 31 наурызда өткен брифингте биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария айтты, деп жазады centralasian.org.
— Иә, Қытайдан келген [флакондар] біздің екпеге арналған. Біздің екпе флакондарға құйылады. Флакондарды Қытайдан тапсырыс бердік. Екпені құюға кез келген флакон жарай бермейді. Сертификатталған флакондар керек. Бос флакондар институтымызға жеткізілді. Алда соларға екпені құямыз. Үш миллион құмыра бар… Шанхайдағы компаниядан алдық, - деді ол.
Осыған дейін Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Қазақстанға үш миллион "екпе флаконы" жеткізілгенін айтқан.
Закарияның сөзінше, институтқа жеткізілген флакондарды жуып-шайып, стерилизациядан өткізіп жатыр. Журналистер одан "QazCOVID-in екпесінің екі миллион дозасы шығарылатын болса не үшін үш миллион флакон алдырдыңыздар?" деп сұрады.
— Шыны құмыралар әлсіз. Демек, шытынаған, сынған флакондар болуы мүмкін. Оларға екпе құюға болмайды. Бұл – тексеру үшін алынған алғашқы партия. Екпе құйғанда биохимиялық тексерістен өтеді. Сондықтан мұндай флакондар молырақ алынады, - деді институт директоры.
Күнсұлу Закария үш миллион флаконның қаржысын алдағы уақытта жазбаша түрде жариялайтынын айтты.
26 наурызда Қытай елшісі Чжан Сяо "Деловой Казахстан" газетіне, Kazakhstan Today және "Стратегия 2050" сайтына берген сұхбатында "Қазір Қытай ДДСҰ-ның COVAX екпе саясатына қосылды. Жақында Қазақстанға Қытайдан үш миллион екпе флаконы жеткізілді" деген.
30 наурызда Қазақстан денсаулық министрі Алексей Цой қытайлық "екпе флакондарының" келгенін растамаған.
31 наурызда "Деловой Казахстан" газеті және "Стратегия 2050" сайты мәтініне "екпеге арналған флакон" деп өзгеріс енгізді.
Агенттіктің бас редакторы Тимур Қубатов Азаттыққа елшінің нақты нені айтқанына қатысты жауап күтіп отырғанын жеткізді.
— Бұл мәселеден хабардармыз. Сөзден қате кеткен сияқты. Қазір елшіліктен осы тұсты нақтылап жатырмыз. Біз тек ақпаратты жеткізушіміз. Басқа айтарым жоқ, - деді ол.
Кубатов сұхбаттың бетпе-бет емес, жазбаша болғанын айтады.