Өркениеттен жұрдай. Нұр-Сұлтан түбіндегі ауылда жарық пен су жоқ
Елордаға таяқ тастам жердегі Жібек Жолы елді мекенінің халқы өздерін ұмыт қалдырған жергілікті билікке өкпелі. Себебі, 21 ғасырда аулаларында ішейін десе су жоқ, жүрейін десе жол жоқ. Тіпті, одан қалды бірқатар үйлерге әлі күнге дейін электр желілері тартылмаған. Оған көктем келсе еріп, әбден әбігерге салатын қарды қосыңыз.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
2021 жыл. Бас қаладан бар-жоғы 30 шақырым қашықтықтағы елді мекеннің күнделікті күйбең тіршілігі осы. Жұрт бұл маңнан жиған-тергеніне жер алып, үй көтеріп, өлместің күнін кешіп келеді. Жанға қажетті дүниелер атымен жоқ. Ең өкініштісі, ауылдың жартысында жарық тартылмаған екен.
Талғат Жұмабеков, Жібек Жолы ауылының тұрғыны:
Свет жоқ. Су жоқ. Водопровод жоқ. Трассадан 200 метр жерде тұрмыз. Обещали бізге су береміз, свет береміз әлі берген жоқ тишина екі жылдай болды. Стройка жасаймыз дейміз. Ешқандай свет тарта алмаймыз. Генератормен жұмыс істейміз.
Мұнда тұрғындар ауыз судың өзін тасып ішеді. Себебі, ауладағы тіршілік көзі пайдалануға жарамайды. Одан қала берді жолдың сиқы мынадай. Көктем келіп, қар ерісе Жібек Жолы үлкен бір айдын көлге айналады. Біраз баспананы су шаяды. Бұл ауылға қарапайым тұрғындар тұрмақ арнайы техникалар мен жедел жәрдем көлігінің кіруі мұң екен.
Қанат Кенжетаев, Жібек Жолы ауылының тұрғыны:
Су ішетін су, әкелемін. Себебі, мына жердегі су жарамайды. Содан кейін жол жоқ. Машинаны жолға тастаймыз. Өйткені, ары қарай көктемде қыста кіруге мүмкіндік жоқ. Свет көбісінде жоқ. Енді ғана қосады деп столбыларды қойды жақын арада. Әлі келген жоқ. Жылда әне-міне екі ай, үш ай тоса тұр деп өтіп жатыр екі жыл өтіп кетті әлі қосқан жоқ.
Ауылдағы үш ауысымды мектеп мәселесін шешу үшін жаңа білім ошағының іргетасы қаланған еді. Бірақ, ол мекеменің құрылысы өткен жылы аяқталуы тиіс болса да, пайдалануға әлі күнге дейін берілмеген.
Ғалия Муханбетова, Жібек Жолы ауылының тұрғыны:
Бұл жерде не болып жатқаны ешкімді қызықтырмайды. Жобалық-сметалық құжаттар жасалған уақытта, қаншама үйді назардан тыс қалдырған. Былайша айтқанда өркениеттен жұрдаймыз. Біздің керегіміз жоқ сияқты. Қанша жыл болды құрғақ уәдеге сеніп келе жатырмыз. Ал, шағым айтсаң қудалауға ұшырайсың. Учаскелік полиция тыныштық бермейді үйіңе келіп. Шенділер бір қорытынды шығарса дейміз.
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, бүгінде елді мекендегі 4 шағын ауданға барлығы 54 шақырым су құбыры тартылған. Халық саны күрт өскендіктен, ауыз су тапшылығы туындап отырған көрінеді. Бүгінде Жібек Жолы ауылында 15 мыңға жуық халық тұрады. Ал, жол мен жарық мәселесі де назардан тыс қалмайды деп сендірді атқамінерлер.
Гүлзат Махаева, Аршалы аудандық құрылыс бөлімінің жетекшісі:
Жалпы, Жібек жолы елді мекеніндегі төрт бірдей шағын ауданды жарықпен қамтамасыз ету жобасы әзірленген. Бүгінгі күні бұл жұмыстардың 70% аяқталды. Қажетті электр желілері тартылып қойған. Жыл соңына дейін барлық үйлер жарықпен қамтамасыз етіледі. Келесі мәселеге келсек, ауылда жалпы ұзындығы 180 шақырым болатын жол бар. Оның 70 шақырымын біз жөндеуден өткіздік. Алдағы уақытта қалған бөлігін жасаймыз.
Өткен жылы, Ақмола облысының әкімі халық алдында есеп берген уақытта, Жібек Жолы ауылына болашақта "Сарыарқа" магистралі арқылы көгілдір отын тарту жоспарда бар деген еді. Бірақ, елді мекен жұрты ең бірінші газ тартпай тұрып, жарық пен ауыз су мәселесін толығымен шешіп берсе екен деген тілектерін жеткізді.