ЕАЭО-ға мүше елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамыту мәселесі талқыланды
ЕАЭО-ға мүше елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыс, экономиканың жекелеген салаларында интеграциялық әлеуетті арттыру мәселелері ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің кезекті отырысы барысында талқыланды, деп хабарлайды zakon.kz.
Бейнеконференция байланысы режимінде өткен отырыста барлығы 22 мәселе қаралды.
Атап айтқанда, өткен жылдың желтоқсан айында мемлекет басшылары бекіткен ЕАЭО дамуының стратегиялық бағыттарын толыққанды іске асыру үшін 500-ге жуық іс-шараны қамтитын тиісті жол картасы қабылданды.
Осы құжатты іске асыру азаматтар мен бизнес үшін интеграция әлеуетін ашуға, ЕАЭО бірыңғай нарығының барынша тиімділігін қамтамасыз етуге, ЕАЭО-ны сыртқы әріптестермен өзара тиімді және тең құқықты ынтымақтастық үшін ашық қазіргі заманғы әлемдегі неғұрлым маңызды интеграциялық бірлестіктерінің бірі ретінде танытуға мүмкіндік береді.
Кеңес мүшелері "Цифрлық техникалық реттеу" жобасын іске қосу мәселесін де мақұлдады. Бұл жобаны іске асыру арқылы өнімге қойылатын талаптарды қалыптастыруға, техникалық регламенттер мен халықаралық стандарттар тізбелерін әзірлеу процестерін цифрландыруды қамтамасыз етуге болады. Жалпы, жоба қаржылық және уақытша сәйкестікті бағалау рәсімдерін жүргізуге арналған шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Кеңес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО бірыңғай қағидалары бойынша медициналық бұйымдарға тіркеу куәліктерін беруді көздейтін ЕАЭО шеңберіндегі медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары туралы келісімге түзетулер енгізуді мақұлдады. Бұл ретте 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін берілген медициналық бұйымдарға арналған ұлттық тіркеу куәліктері қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін пайдаланылатын болады.
Кеңес мүшелері ЕАЭО елдерінде тауарлардың сыртқы электрондық саудасы саласындағы пилоттық жобаларды іске қосуды мақұлдады, бұл азаматтарға тауарларды шетелдік интернет-алаңдарда неғұрлым ыңғайлы форматта сатып алуға мүмкіндік береді. ЕАЭО жұмысына қатысты жекелеген мәселелер, сонымен қоса, тасымалдарды қадағалау үшін ЕАЭО-да навигациялық пломбаларды қолдану туралы Келісім жобасы талқыланды, ол одақ елдерінде еркін транзитті қамтамасыз етуге ықпал етеді.