Қазақстан мен Ресей ІІМ-нің басшылары Мәскеуде кездесті
13 сәуірде Мәскеу қаласында Қазақстан мен Ресейдің Ішкі істер министрлері – Ерлан Тұрғымбаев пен Владимир Колокольцевтің кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Полиция ведомстволарының басшылары екіжақты және көпжақты халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырылатын ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Тараптар қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және қылмыскерлерді іздестіру саласындағы ынтымақтастықтың тиісті деңгейін атап өтті.
IT–технологиялар саласындағы өзара іс-қимылды арттыру, интернет-қылмыстарға, оның ішінде пандемия жағдайында әлемде кеңінен таралған алаяқтықтарға қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды.
Кездесуге қатысушылар есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл, психобелсенді заттар мен синтетикалық есірткілердің жаңа түрлері туралы жедел ақпарат алмасу саласындағы істердің жай-күйін талқылады.
Көші-қон бақылауын қамтамасыз етудегі ынтымақтастық мәселелері қозғалды. Карантиндік шектеулер кезеңінде мемлекеттік шекаралардың жабылуы жағдайында өз елдеріне транзитпен оралған шетелдік азаматтардың жол жүруін ұйымдастыру кезіндегі өзара іс-қимылға жоғары баға берілді.
Тараптар автокөлік ұрлығына қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы пікір алмасты. Атап айтқанда, ведомстволардың тиісті ақпараттық жүйелерін интеграциялау мәселелері қаралды.
Сондай-ақ, Қазақстанның ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев Ресейдің ішкі істер министрі В. Колокольцевті қазақстандық полицияны реформалау барысымен таныстырды.
Кездесу қорытындысы бойынша екі ведомство басшылары болашақтағы ынтымақтастықты анықтады.